Главная Кафедры Биохимиялық инженерия Новости кафедры Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев ҚазИТУ студентін "Халық алғысы" медалімен марапаттады
22 желтоқсан 2021                  318992
Мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаев ҚазИТУ студентін "Халық алғысы" медалімен марапаттады

    Қай уақытта болсын, құтқарушы мамандығының мәртебесі әрқашан биік. Өйткені олар адам өмірін құтқарумен  ғана айналысып қоймай, өз өмірін бәсекеге тігеді. Су тасқыны, өрт, апаттар, тіпті қарапайым тұрмыстық мәселелерде де ең бірінші құтқарушылардың көмегіне жүгінеміз. Біздің университетімізде де осы бір қиын да, қызықты мамандықты өмірінің мәніне айналдырған біршама студенттер бар. Талайдың өміріне араша түсіп, өз қызметін адал атқарған, Қазақстан  инженерлік – технологиялық университеті Жартылыстану – ғылыми пәндер кафедрасы,  Қоршаған ортаны қорғау және оның өмір тіршілігінің қауіпсіздігі  мамандығының 4 курс студенті, университет мақтанышы Әділ Мұқашев жайлы сөз қозғамақпыз.

    Әділ қазіргі таңда Нұр- Сұлтан қаласында Төтенше жағдайлар департаментінің №17 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде жүргізуші болып қызмет атқарады. 

 

2021 жылы қаланы жаппай дезинфекциялау кезінде Нұр-Сұлтан қаласы, Жұбанова көшесінде көпқабатты үйдің үшінші қабатында ас үйден белгісіз жағдайда өрт шыққан. Өрт кезінде пәтерде 2 бала болған. Олар тілсіз жаудан қорғанбақ болып, пәтердегі қылтима тұсында көршілерін көмекке шакырып, құтқаруларын сұраған. Бұл сәтте Мамандандырылған өрт сөндіруші құрам , көпқабатты үйдің ішіне кіріп, өз жұмысын бастап кеткен. Әділ аулада бұйрық күтіп, дайындықпен тұрған мезетте, пәтер ішінде қалып қойған балаларды сырттан көріп, дереу өз жұмысына кіріседі. Биіктікке шығу үшін арнайы 3 қабатты баспалдақ қойып, жоғары көтеріліп, пәтерде қалып қойған екі баланы өрттен аман алып шыққан. Тілсіз жаудан аман қалған отбасыға жедел – жәрдем қызметкерлері келіп, алғашқы көмек көрсеткен. Өрт кезінде жалыннан қаймықпай , батылдық танытқаны үшін Ұландар күнінде өткен салтанатты шарада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қолынан "Халық алғысы" медалімен марапатталды. Әділ Мұқашев бүгінгі таңда халық батыры, ҚазИТУ-дың мақтанышы!!!