Главная Новости Жаңарған кітапхананың жаңа мүмкіндіктері!
29 декабрь 2021                  318949
Жаңарған кітапхананың жаңа мүмкіндіктері!

ҚазИТУ Ғылыми кітапханасы биыл университет басшылығының қолдауымен  күрделі жөндеу жұмыстарын тәмамдап,  оқырман қауымына ұсынылды. Мұндағы көз тартатын көркем әрі креативті интерьер, жаңарған каталогтар кітапханаға деген сүйіспеншілікті артыра түседі. Кітапхана – әрі пайдалы, әрі көңіл жайландыратын жерге айналған. Кітапханада жаңа оқу залы, электронды оқу залы, мәжіліс залы, магистранттар залы мен көрмеге қажетті кеңістік бар. Жалпы қарастырғанда студенттердің қолдануына ыңғайлы барлық жағдайлар жасалған.

 

Сонымен қатар Мамандандырылған оқу залы мен мерзімді басылымдар оқу залы қолданысқа берілген. Бүгінгі таңда кітапханадағы жалпы кітап қоры 335162 дана оқу және ғылыми әдебиеттен, оның ішінде 141612 дана қазақ тіліндегі кітаптардан, 60067 дана қосымша әдебиеттен құралған. "Қазақ жеміс шаруашылығы және жүзім шаруашылығы ғылыми – зерттеу институты", "Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми–зерттеу институты" сияқты мекемелермен келісім шарт жасалып, Ғылыми кітапхана қоры сирек кездесетін кітаптармен толықтырылған.

 

Әрбір пайдаланушыға университеттің білім беру процесі мен ғылыми зерттеулерін қолдауға ықпал ететін кез келген ақпараттық ресурстарға сапалы және тиімді қолжетімділік берілген. Кітапхана ғаламдық интернет желісіне қосылған. Қосылу жылдамдығы 100Мб/с., WI-FI байланыс нүктесі арқылы Электронды оқу залындағы 24 компьютер көмегімен оқытушылар мен студенттер Интернет ресурстарын қолдана алады.

 

Ғылыми кітапханада заман талабына сай «КАБИС.Full» Автоматтандырылған қазақстандық бағдарламасы арқылы оқырмандарға қызмет көрсету үдерісі жаңаша түрде жүргізілген. Кітапханадағы қызмет түрлері автоматтандырылып, ақпаратты жедел іздеу және оған тапсырыс беру жеңілдетілген. Оқырмандарға Интернет желісі арқылы республикалық жоғары оқу орындары аралық электронды кітапхананы (РЖЭК), Springerlink.com, Clarivate Analitics, Халықаралық баспа компаниялары Springer, Web of Science, Scopus басылымдарының дерекқорын толығымен пайдалануға жағдай жасалған.

 

Сондай-ақ мерзімді басылымдар маңызды ақпарат көзі болып табылады. Жыл сайын университет кітапханасы мерзімді қазақстандық және ресейлік басылымдарға қол қояд. Қазақстан және шетел Ғылым Академиясы мен Ресейдің жоғары оқу орындары қалыптастыратын ғылыми басылымдарға жазылуға көп көңіл бөлінген. Оқу процесінде әр түрлі білім салалары бойынша ең өзекті және жедел ақпараттан тұратын мерзімді басылымдар үлкен көмек көрсетеді, олардың ішінде университеттің профилі бойынша журналдар үлкен үлес алады. Кітапхана қабырғасында ақын жазушылар, танымал тұлғалармен қызықты кездесулер, қоғамда болып жатқан өзекті мәселелерге арналған дөңгелек үстелдер, конференциялар, ашық есік күндері жиі өткізіліп тұрады. Әр шараға кітап көрмелері ұйымдастырылады. Білім беру нарығында жоғары оқу орнының бәсекеге қабілеттілігін арттырып, университеттің ғылыми-зерттеу үдерістерін дамыту үшін, кітапхананың орны ерекше. Биыл ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен ҚазИТУ-дың 20 жылдығында жаңарған кітапхананың қолданысқа берілуі оқырман үшін үлкен қуаныш болды.