Главная Новости Бір өлеңі – елдің бір мұрасындай
9 февраль 2022                  318841
Бір өлеңі – елдің бір мұрасындай

Бүгін  Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде, Жастар ұйымдары комитетінің ұйымдастыруымен , ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған «Есіңе мені алғайсың...!» атты  әдеби-сазды жыр кеші өтті. Кештің мақсаты- жыр падишасы, артына өшпейтін із қалдырған Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығына шолу жасау, поэзияның халыққа кең таралуының сыры неде екенін түсіндіру, шығармашылығының музыкамен үндесу ерекшелігін, ақынның сөзіне жазылған әндерін көпшілік назарына ұсыну.

Кештің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Г.Ә.Сәрсенбекова , М.Мақатаев мұраларының  өміршеңдігі  мен  өскелең  ұрпақты тәрбиелеудегі рөліне ерекше тоқталды.

Жиын  барысында өнерлі студенттер өз шығармашылығымен көрермендердің ерекше ықыласына бөленіп, ақынның әсем әндері мен сыршыл поэзиясын тарту етті.Талантты студенттер  «Үш бақытым», «Бесік басында», «Сәби-ана», «Мен таулықмын», «Тыныштық» атты  өлеңдерін мәнерлеп оқыса, ҚазИТУ Ғылыми кітапханасының меңгерушісі  З.С.Махамбетова , М.Мақатаевтың «Сенің көзің»  атты әнін тамылжыта орындады.Сонымен қатар іс-шара қонағы болған Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының студенті  Нұрмұхан Ринаттың орындауында , «Несіне асығады?» әні көрермен жүрегіне жол тапты.

Жиналған қауымға ақынның өмірін баяндайтын деректі фильмдер ұсынылып, жастарды отансүйгішкікке тәрбиелейтін мәні бар өлеңдерінен үзінді берілді. Ерекше сезім қалдырған сәт,  ақынның өзі жанды дауыста оқыған өлеңінің аудиожазбасы.

Мұқағали-мәңгілік өмір! Ақын мұрасы,маржан поэзиясы-болашақ ұрпақтың еншісі, қастерлеп қадірлейтін мұрасы, ақын көкірегінен буырқана ағылған жыр жанартаулары өлеңқұмар халыққа таусылмайтын сый, мол қазына болып қала бермек.Кеш соңын  Студенттік хор мүшелері «Есіңе мені алғайсың»  атты әнінмен қорытындылады.