Главная Новости ҚазИТУ-дың заманауи жатақханасы әр студентті қуанышқа бөлейді
21 шілде 2022                  320024
ҚазИТУ-дың заманауи жатақханасы әр студентті қуанышқа бөлейді

Студент үшін ең маңыздысы – жатақхана. Жатақхананың жайлы болуы алаңсыз білім алып, өмірге құштарлығыңды арттырары сөзсіз. Бұл тұрғыда ҚазИТУ-дың жатақханасы алдыңғы лекте тұрғанын айта кету керек.

Заманауи негізде іске қосылған 5 қабатты жатақхана 2018 жылы пайдалануға берілді. Кірсе шыққысыз студенттер үйі 188 студентке арналған.

Кіре берісте күзет қызметі тұр. Сырттан бөгде адам кіре алмайды. Бұл студенттің қауіпсіздігі үшін өте қажет екені белгілі.

Бірінші қабатта студенттік кеңес, әртүрлі жиын өтетін кіші мәжіліс залы бар. 25-30 адамға арналған залда студенттер жиі бас қосып, өзара тәжірибе алмасады.

 

Өзге оқу орындарының жатақханаларынан байқалмайтын бір ерекшелік – дәл осы бірінші қабатта гардероб орналасқан. Сырттан келген қонақ сырт киімін бөлмеге жеткізбей-ақ осында өткізіп кетеді. Бұл әртүрлі шараларға қатысатын сырттан келушілерге де өте тиімді.

Көңілге қуаныш ұялатқаны – мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы  бөлме бар. Қоларбадағы жанның көңіліне қаяу түсірмей, өзін жайлы сезінуі үшін ыңғайлы төсегі, дәретхана және т.б. барлық жағдайы жасалған.

 

Адам болғаннан кейін, жас болғаннан кейін әртүрлі сұрақ мазалап, әртүрлі жағдай туындауы мүмкін. Мұндай жағдайда сізге психолог көмекке келеді. Жатақханада студенттерді қолдауға арналған психологиялық кабинет те қарастырылған. Онда психолог маман сіздің сауалыңызға жауап беріп, тығырықтан шығуға әркез қолұшын созады.

Бұдан бөлек ауқымды конференция, семинар, дебат өткізетін үлкен мәжіліс залының да сіздер үшін есігі айқара ашық. Елу орындық конференц-залы бүкіл заманауи құрылғымен жабдықталған. Бір қабырғасына сөреге менмұндалап тұратын кітап қойылған, құдды кішігірім кітапхана дерсіз. Студент өзі қалаған уақытында кез келген кітабын оқи алады. Жатақхана жастары кешкі бос уақыттарының көбін осы жерде өткізеді. Әртүрлі іс-шараларға дайындалып, жиі бас қосады.  

Бес қабатты жатақхананың әр қабатында өз старостасы бар. Ол сол қабатта тұратын білім алушылардың тәртібіне, тазалығына, сабақтан қалмауына жауапты.

Әр қабатта коворкинг орталығы бар. Домбыра тартып, гитара шертіп, теледидардан танымдық бағдарламаларды көріп, кітап оқып, жаныңыз рақаттанады.

Айтпақшы, бірінші қабаттағы асхана да студент үшін қызмет етеді. Университеттің, колледждің лабораториясында пісірген тағамдарын студенттер осы асханаға әкеліп сатып, қосымша табыс таба алады. Сондай-ақ бөлмесінен асханаға келіп тамағын ішсе де болады. Одан бөлек ас үй, яғни кухня бар. Ол жерде қазанға тамақ пісіріп, тұшпара түйіп, манта пісіріп жеуге мүмкіндік бар. Бір сөзбен айтқанда, үстел, орындықты айтпағанда, газ плита, тоңазытқыш, мұздатқыш, тіпті шәйнекке дейін барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Ал кіру жуатын бөлмеде бірнеше кір жуатын машина бар, кір кептіргіш және т.б. жағдайдың барлығы жасалған. Мұның барлығы студент үшін тегін.

 «Әр студенттің өзінің карточкасы бар, ол арқылы студенттің ішке кірген, сыртқа шыққан уақыты жазылып, белгіленіп отырады. Егер студент шығып кетіп, қайта кірмей жатса бірден іздейміз. Ал ата-анасына немесе туысқандарына баратын болса, алдын ала түсініктеме жазып, эдвайзері, жатақхананың кураторы қол қойып, коменданттан рұқсат алады. Баратын жерінің, яки ата-анасы не туысқаны болсын байланыс телефонын міндетті түрде қалдырады. Бізде барлығын күзет қызметі қадағалап, тексеріп, кешкісін есеп беріп отырады. Осы уақытқа дейін терезеден шығу, секіру деген жағдай болған емес. Себебі жатақхананың іші-сыртының барлығында камера қойылған, күзет қызметінің құзырында» дейді ҚазИТУ Жастар саясаты департаментінің маманы әрі Баспасөз қызметінің жетекшісі Әсем Сабыржанова.

Шетелдің кампусына қызығатын талай жас үшін айналасын аллея қоршаған ҚазИТУ жатақханасы таптырмайтын орын.

Келіңіз, көріңіз, төрімізге шығыңыз, жас дос!

ҚазИТУ сіздерді күтеді!