Главная Новости ҚазИТУ-дың жүрегі – кітапхана
6 маусым 2022                  318908
ҚазИТУ-дың жүрегі – кітапхана

Кітапхана – адамды өзіне баурайтын киелі орын. Еңсеңіз түсіп, көңіл күйіңіз болмай, мазаңыз қашып жүрсе кітапханаға барып, кез келген кітапты қолыңызға алыңызшы, бірден жан дүниеңіз тазарып, тап-таза мөлдір бұлақтан су ішкендей жарқырап шығасыз. Мұны ғалымдар да жоққа шығармайды. Мамандардың зерттеуінше, кітап оқу күйзелістен арылтатын бірден-бір ұтымды тәсіл. 1-2 бетті оқығанда немесе 5-6 минуттың өзінде адамның қан қысымына, жүрек соғысына оң әсер етіп, бұлшық еті босаңсып, тамыр соғысы бәсеңсіп күйзеліс деңгейін азайтатын көрінеді. Дәлірек айтқанда, зерттеу нәтижесі кітап оқу – 68%, музыка тыңдау – 61%, бір кесе шәй немесе кофе – 54%, жаяу серуен – 42% күйзеліс деңгейін төмендететінін көрсеткен. 

ҚазИТУ кітапханасы – дизайны ерекше, креативті мекен. Көз тартар әдемілік, жинақылық бірден баурап алады. Сала-сала бойынша рет-ретімен қаз-қатар тізілген кітап алыстан-ақ мен мұндалап тұрады. Кең де әсем оқу залы, электронды оқу залы, мәжіліс залы, тіпті магистрантқа арналған жеке зал, сирек кітап қоры бар. Барлығы қажетті құрал-жабдықпен, заманауи компьютермен қамтылған. Кітапханадағы жалпы кітап қоры 335 мыңнан асады. Оның ішінде 143 мыңға жуығы қазақ тіліндегі кітап, ал 600 мыңнан астамы қосымша әдебиет. 

 

«Қазақ жеміс шаруашылығы және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» және т.б. мекемелермен келісімшарт жасалып, Ғылыми кітапхана қоры сирек кездесетін кітаптармен толықтырылған. Бұл өз кезегінде ғылыми зерттеулермен айналысатын магистрант-докторант секілді жас маман үшін таптырмайтын мүмкіндік. Оқырман жылдамдығы жоғары интернет арқылы республикалық жоғары оқу орындары аралық электронды кітапхананы (РЖЭК), Springerlink.com, Clarivate Analitics, Халықаралық баспа компаниялары Springer, Web of Science, Scopus басылымдарының дерекқорын кез келген уақытта пайдалана алады. Кітапхана заман талабына сай «КАБИС.Full» автоматтандырылған қазақстандық бағдарламасы арқылы қызмет көрсетеді. Қызмет түрлері автоматтандырылып, ақпаратты жедел іздеу және оған тапсырыс беру жеңілдетілген. «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» және т.б. қазақстандық және ресейлік мерзімді басылымдар, отандық және шетелдік ғылыми басылымдар, әсіресе ҚазИТУ-дың тыныс-тіршілігінен хабардар ететін профилді журнал көзге оттай басылады.

 

Кітапхана мен кітапханашы бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Өмірінің жарты ғұмырын кітапханаға арнаған үздік кітапханашы, ҚазИТУ ғылыми кітапханасының меңгерушісі Зағи Махамбетова студент-жастардың екінші анасына айналған. Қолы қалт еткенде өзі сценарий жазып, игі жақсылармен кездесу өткізіп, ізгі іс-шаралардың ұйтқысы болып жүр. Әр кездесуінің кейіпкері туралы айтқанда жанарынан от ұшқындап, жылылық леп еседі. Мәселен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, ғұлама ғалым, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев және т.б. қазақтың ұлы тұлғаларының туған күні атаусыз қалған емес. Беріден алсақ қоғам қайраткері, «Тіл жанашыры» белгісінің иегері Асылы Осман, жазушы, ғалым, әуезовтанушы Нұрдәулет Ақыш секілді жастарға айтары бар танымал тұлғалармен кездесу өткізу дәстүрге айналған. Қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған дөңгелек үстел, конференция, ашық есік күндері, пікірталас, өзара тәжірибе алмасу, талқылау жиі өткізіледі.

 

«Жаныңда жүр жақсы адам» айдарында ҚазИТУ-дың профессоры, философия ғылымының докторы Қайни Кенжетайқызымен өткен кездесуді ерекше тебіреніспен, махаббатпен еске алған Зағи Сәдуақасқызы: «Кітапхананың мақсаты – тек кітап беріп-алу ғана емес, жастарды кітап оқуға баулу, жанында жүрген жақсы адамдардың өмір жолын үлгі ете отырып, жетістіктеріне назар аударту. Қайни Кенжетайқызы қашан көрсеңіз де белсенді, өмірге құштар, жақсылыққа қуана білетін ұстаз. Ал оның жүріп-өткен өмір жолы студенттерге үлгі-өнеге болуы тиіс. Шын мәнінде, кездесу өте қызықты өтті. 2016 жылы «Үздік мұғалім» атағын алған ұстаз ғой, студенттер көп жиналды» дей келе, ол кісінің Махаббат күнінде әл-Фараби және т.б. көптеген философтардың сөздерін алып, студенттерімен бірге өткізген әдеби-сазды кешті әсерлі баяндап, бұл тұрғыда өзі де әдеби кітапты көп алдырып жатқанын, студент-жастар телефонға телмірмей, әдеби, көркем туындыларды көбірек оқыса деген арман-мақсатқа жұмыстанып жатқанын жеткізді. Шын мәнінде кітап оқу дағдысын қалыптастыру – бүгінгі қоғамдағы өзекті мәселенің бірі. Осы орайда «Рухани құндылықтар айдарында: Тәрбие – тал бесіктен» атты дөңгелек үстелдің де мән-мағынасы зор. Бір ғана «Қыз тұншықсын, ұл ынтықсын» деген мәтелдің тереңіне бойласаңыз, қазақтың астарлы сөзінен көп мағына алуға болады. Қазақтың мақал-мәтелінің, бейнелі сөздерінің астарында тұнып тұрған ұлттық тәрбие жатыр. Осы ұлттық тәрбиені студент-жастардың бойына сіңіруде ҚазИТУ-дың ғылыми кітапханасының мәжіліс залында өткізілген әр іс-шараның қосар үлесі зор. Қорыта айтқанда, ҚазИТУ кітапханасы – заманауи көпфункционалды ақпараттық интеллект-орталық, бос уақытыңызды мазмұнды өткізу үшін барлық жағдай жасалған. 2016 жылдан бастап ағылшын әдебиеті кітапханасы және тілдік клубтар – «Еnglishclub», шешендік өнер және т.б. жұмыс істейді. «Жас оқырман» көркем әдебиет клубы да әр студентті құшағына алып, бірден баурап алары сөзсіз. Жоғары мәдениетті, білімді де парасатты, адамгершілігі мол зиялы адам болғың келсе, кітапханамен дос бол, жас оқырман!