Главная Новости ҚазИТУ ұстаздары тәрбиелік іс-шарада бас қосты
08 сентябрь, 2017                  318687
ҚазИТУ ұстаздары тәрбиелік іс-шарада бас қосты

   2017 ж. 8 қыркүйегінде Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Куратор-эдвайзерлер Кеңесінің жаңа оқу жылындағы бірінші кеңейтілген жиыны өтті. Жиынды университет проректоры Г.Ә.Сәрсенбекова кіріспе сөзбен ашты. Әл-Фарабидің: «Адамзатқа ең бірінші тәрбие берілуі керек, тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы», деген ұлағатты сөзін тілге тиек етіп, жиынға қатысушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, еңбектеріне табыс тіледі.
   Г. Сәрсенбекова «Жоғары оқу орнындағы куратор-эдвайзердің тәрбие жұмысын ұйымдастырудағы өзекті мәселелері» атты баяндама жасап, Куратор-эдвайзерлер кеңесі, Кураторлар мектебі жұмыстарына кең тоқталды. Сонымен қатар куратор журналы мен кураторлық сабақтардың тақырыптарына енгізілген өзгерістер туралы ақпарат берді. Жиынға қатысушылардың сұрағына жауап берді.
   Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында (2015 жылғы 30 қараша): «Қазақстанның жас азаматтары! Білімді, еңбекқор, бастамашыл, белсенді болуға қазірден бастап дағдыланыңдар. Жұмыс пен сұраныс бар өңірге батыл барыңдар. Шеберліктің шыңына жете білсеңдер мамандықтың бәрі жақсы. Қазір техникалық мамандықтардың, ғылым мен инновацияның күні туған заман. Ерінбей еңбек еткен, талмай ғылым іздеген, жалықпай техника меңгерген адам озады. Тұрмысы жақсы, абыройы асқақ болады. Біз жүзеге асырып жатқан түбегейлі реформалар мен атқарып жатқан қыруар істердің бәрі сендер үшін, болашақ үшін жасалуда», деді. Біздің де алға қойып отырған мақсаттарымыз Елбасының бағдарламалық құжаттарындағы міндеттерді орындауға бағытталған.
   Жиында оқу жылына арналған оқу-тәрбие процесінің графигі бекітілді. ҚазИТУ-дың Тәрбие бағдарламалары білім алушылардың, тәрбиеленушілердің патриоттық, азаматтық, интернационалдық, жоғары моральдық және имандылық сезімін қалыптастыруға, сондай-ақ жан-жақты қызығушылығы мен қабілеттерін дамытуға бағытталған.
   Жиынды ҚазИТУ ректоры Н. М. Темірбеков қорытындылап, жұмысқа жұмыла кірісуге шақырды.