Главная Новости Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті дамуының негізгі басымдықтарын талқылау бойынша ректораттың кеңейтілген отырысы өтті
14 march 2023                  1081
Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті дамуының негізгі басымдықтарын талқылау бойынша ректораттың кеңейтілген отырысы өтті

14 наурызда Ғылым және жоғары білім министрлігінің ЖОО-лардың  алдына қойған мақсат-міндеттері аясында Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті дамуының негізгі басымдықтарын талқылау бойынша ректораттың профессорлық-оқытушылық құрам мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген отырысы өтті.

Аталған жиынға университет ректоры, проректорлар,  құрылымдық бөлімше директорлары, кафедра меңгерушілері, профессорлық-оқытушылық құрам мүшелері мен куратор-эдвайзерлер қатысты.

Ректораттың кеңейтілген отырысында негізгі төрт баяндама тыңдалды. Алғашқы сөз тізгінін университет ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова бастады. Ректор өз баяндамасында университеттің 2021-2022 жылдардағы қызметінің қорытындылары және даму перспективасы жайында баяндап, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің ағымдағы жылы Мемлекет басшысының сайлауалды тұғырнамасы аясында көтерген мәселелері: студенттердің стипендияларын 2025 жылға дейін 2 есеге ұлғайту, әлемдік цифрлық кітапханаларға тегін қол жетімділікті қамтамасыз ету, студенттік жатақханаларда орын тапшылығы мәселесін шешу, шетелдік ЖОО филиалдарын ашу, "Келешек" бірыңғай ортақ білім беру жинақтау жүйесі,  студенттердің интегралды GPA енгізу, Coursera-ға жазылуды рәсімдеу, пәнаралық білім беру бағдарламаларын әзірлеу, "Мамандығым-болашағым" жобаларының жұмысын жеделдету, эндаумент-қорлардың қызметін құру, және т.б. ұсыныстары туралы айтты.

«Осы бағытта Халықаралық инженерлік-технологиялық  университеті қарқынды жұмыс атқаруы тиіс. Жоғары білім мен ғылымға басым екпін қойылып отыр. Цифрлық университет құру бағытында жұмыс атқарылуы қажет. Сандық кітапхана барлық білім алушыларға  ақпарат іздеуде көмекші болады. Coursera курстарының қолжетімділігі, қазақ тіліне аударылуы, университет жұмысына деген талапта ашық әрі анық белгіленгені, міне осылардың барлығы жоғары білім саласының дамуына оң ықпал етері сөзсіз», - деді Гүлнәр Әлібекқызы.

Келесі кезекте университеттің академиялық жұмыс және кәсіби практика жөніндегі проректоры Дархан Ақпанбетов университеттің академиялық қызметі жайында баяндап, білім беру бағдарламаларының сапасын арттыру, білім алушылар мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту мәселелерін талқылады.

Ал стратегиялық даму, ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор Оксана Каруна университеттің ғылыми-зерттеу қызметі мен халықаралық қауымдастығы туралы баяндама жасады.

Бұдан әрі студенттердің сабаққа қатысу мәселесі де басты назарға алынды. Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Ақбота Женисова, әр кафедра бойынша студенттердің сабаққа қатысу көрсеткіші есебін ұсынды. Осы тұста студенттердің бос уақытын тиімді пайдалану мен сабаққа қатысуы турасында ректор тарапынан кафедраларға нақты тапсырма жүктеліп, міндеттер қойылды.

Жиын соңында университет басшысының  қоғамдық қабылдауында болып, білім беру сапасын арттыруда ерекше педагогикалық әдіс-тәсілдер қолдана білген бірқатар оқытушылар  шеберлік сағатын өткізіп, өзара тәжірибе алмасты.

Жалпы айтқанда кеңейтілген ректорат отырысы жоғары деңгейде өтті. Талқыланған мәселелер негізінде келелі шешімдер қабылданып, алдағы уақытта атқарылатын  нақты жоспарлар айқындалды.