Главная Новости Rector of MITU together with students met Nauryz
23 march 2023                  980
Rector of MITU together with students met Nauryz

Жүздеген жылдар бойы ұлтымыздың салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпының ажырамас бөлігіне айналған Наурыз мерекесінің орны әрине ерекше. Данышпан ата-бабаларымыз бұл күнді табиғаттың айрықша белгілерін ескере отырып белгілеген. Наурыз айын ерекше қасиеті бар ай ретінде жоғары бағалаған. Наурызды шығыс халықтары бірліктің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыттың мерекесі ретінде атап өтеді. Бұл күні шаттанбайтын, қуанбайтын, мейірленбейтін адам болмаған. Көктемнің шуақты күнімен тұспа-тұс келетін Наурыз мейрамы ең алдымен халықтар бірлігінің, татулықтың, еңбектің, ізгіліктің, бақыт пен құрметтің артуына негіз болатын күн.

 

Осы мереке аясында жас ұрпақты ізгілікке баулитын, ұлттық салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты насихаттайтын игі шаралардың орын алуы үлкен маңызға ие. Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде ұлттық құндылықтарды дәріптеуге негізделген іс-шаралар үнемі ұйымдастырылып тұрады. Күні кеше өткен жастар арасында ұлттық рухты нығайтып, ұлттық дәстүрді айқындайтын Наурыз мейрамын мерекелеу аясында, «Қош келдің, Әз-Наурыз!» атты мерекелік шарасы ерекше сипат алды. Аталған шараға университет ректорынан бастап, барлық профессорлық-оқытушылық құрамы мен қызметкерлер ат салысты. Университет ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова университеттің Студенттер үйіндегі тұрғындарына арнайы ыстық бауырсақ пісіріп, кафедра меңгерушілері мен оқытушылары қазақтың бірнеше ұлттық тағамдарын ұсынды. Қазан-қазан наурыз көже әзірленіп, әр қабатта ақ дастархан жайылды. Бұл қазақтың мол дастарханын, кең пейілін дәріптеген үлкен шара десек болады. Тәлімгерлердің өз студенттеріне қамқорлық танытып, өз қолдарымен тағам әзірлеуі бауырмалдылық пен сыйластықты айғақтап тұрғандай. Университет аудиторияларында оқытушылардың дәрістерін тыңдап жүрген жастар үшін ұстаздарының отбасылық мейірімділік танытуы зор тәрбиенің бастауы болды. Ел президенті жастарды еңбекқорлыққа баулу мәселесін жиі көтеріп келеді. Ал оқытушылардың университет жатақханаларына арнайы барып, дәрісханаларда мамандар даярлап қана қоймай, оларды тұрмыстық-шаруашылық жұмыстарға қоса баулуы еңбекқорлықты жастар бойына дарытуда нәтиже бермек. Осы орайда Халықаралық инженерлік технологиялық-университетінің ректоры Гүлнар Сәрсенбекова , «Білім жолында өз үйінен жырақ жүрген студенттер отбасылық жылулық пен қамқорлықты сезінуі керек. Білім ордалары тек сапалы маман дайындап қана қоймай, студенттердің бойына «жұмсақ дағдыларды», жалпыадамзаттық құндылықтарға бастайтын ұлттық құндылықтарды да сіңіруіміз қажет», - деген пікірін жеткізді.

 

Бұл жиында университет басшысы бауырсақтың ерекше дәмді пісірілу әдісімен бөліссе, кафедра ұжымы наурыз көже әзірлеуден алдына жан салмады. Студенттер де көмек қолын созып, мәре-сәре болды. Әрі мерекелік көңіл күй, әрі шаруаға бейімделген шара өтті. Әзірленген қай тағам болмасын ыстық ықылас пен махаббаттың туындысындай, бұл берекені арттыра түсті. Бұдан бөлек оқытушы-профессорлар қауымы мерекелік басқосуда ұлттық киіммен, бағалы ою-өрнекпен әсемделген әшекейлерін тағып, мерекелік көңіл-күй сыйлады. Студенттер де өздеріне деген жылылықты, мейірімділікті, қамқорлықты сезініп жатқандарын жеткізді. «Ата-анамыздан жырақта жүрсек те, бар мейірімін төгіп, бізге арнайы ас дайындап, мейрамда ерекше көңіл бөліп жатқан университет басшылығына, оқытушыларыма алғысым шексіз», деді, 2 курс студенті Мадина Аққұбаш. Бүгінде Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті тек кәсіби тұрғыда маман даярлап қана қоймай, адами құндылықтарды бойларына сіңіріп, ізгілікке жетелейтін шаралар ұйымдастыруда.