Главная Кафедры Экономики и бизнес Новости кафедры Университет студенттері отандық туризм саласын дамытуға арналған арнайы жобалар ұсынды
3 апрель 2023                  1031
Университет студенттері отандық туризм саласын дамытуға арналған арнайы жобалар ұсынды

Әлемдік экономикада халықтын әл-ауқатын көтеруде туризм саласын дамытудың аса маңыздылығы ерекше дәлелденген. Кейбір елдер туризмді  дамыту арқылы жалпы ішкі өнімді қалыптастырып, халықты қосымша жұмыс орнымен қамтамасыз етеді.  Мемлекет басшысының өзі  «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында туризмнің, әсіресе, эко және этнотуризмнің дамуына экономиканың маңызды саласы ретінде ерекше көңіл бөлуді тапсырды.

Жуырда «New York Times» газеті 52 мемлекеттің тізімін жасап, туристерге баруға кеңес беретін елдерді жариялапты. АҚШ басылымы әзірлеген тізімде Қазақстан Республикасы 26-шы болып тұр. Бұл статистикалық мәлімет отандық туризм саласын дамытудың маңыздылығын бұдан әрі дәлелдей түсуде.

Осы тұста 27 наурызда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде еліміздегі туристік қызметтер нарығындағы ең ірі фирмалардың бірі  «Sea Star Tourism LTD» ЖШС директоры Тимур Хасенов,  арнайы Туризм білім беру бағдарламасының студенттеріне «Турларды алға жылжытудың әдістері мен құралдары» тақырыбында қонақтық дәріс өткізді.  Сабақ барысында әлемдік экономикалық бәсекеде әр ел өзінің мүмкіндігіне сай туризм индустриясын қалыптастырып, жүйелі инфрақұрылым сапасын арттыру туралы баяндады.  XXI ғасырда  әлемдегі дамыған мықты мемлекеттердің туризмді ең табысты бизнес көзіне айналдырудағы стратегиялық нақты жоспарларын мысалға келтіре отырып, тұтынушыларға ыңғайлы форматтағы қызметтер көрсету бойынша тың ақпаратпен бөлісті.

Дәріске қатысқан 100-ден астам студент тақырыпқа қатысты бірнеше пікір білдірді. Мысалы, 3 курс студенті Айдана Әлібек, «Еліміздегі көрікті жерлерді, тарихи орындарды барынша жоғары дәрежеде  жарнамалап, сервистік қызмет көрету сапасын арттыру отандық туризм саласын дамытуға жол ашары анық» - деді. Қатысушылар арасынан туризм саласын дамытуға арналған арнайы жобалар ұсынуға ниет білдіргендер де болды.

Дәріс соңында «Sea Star Tourism LTD» ЖШС директоры Тимур Хасенов қатысушыларға алғыс білдіріп, сапалы маман даярлаудағы университет ұжымының еңбегін ерекше атап өтті.