Главная Новости METU студиясында Исраил Сапарбайдың шығармашылығына арналған "Бір тамшы көздің жасындай" атты кеш өтті
12 мамыр 2023                  975
METU студиясында Исраил Сапарбайдың шығармашылығына арналған "Бір тамшы көздің жасындай" атты кеш өтті

29 сәуірде Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті студиясында  мемлекеттік сыйлықтың иегері ақын, драматург, сазгер, Түркі поэзиясы халықаралық фестивалінің, Қазақстан Жазушылар одағының І.Жансүгіров атындағы сыйлығының, Тәуелсіз «Платиналы Тарлан» сыйлығының лауреаты   Исраил Сапарбаймен әдеби-сазды кеш өтті. Өмірін өлеңмен өріп, көңіл түкпіріндегі сезімдерді ізгілік, адамгершілік, қарапайымдылықпен байланыстыратын ақын күш-қайраты сарқылғанша еліне қызмет етуді мақсат еткен. Ұлт мұрасын насихаттауда тарих қойнауында жатқан, әлі де ғылыми айналымға енбеген шетел архивтеріндегі деректерді, тәуелсіздік жолында қызмет еткен тұлғалар өмірін зерттеу ісін жалғастыру да ақын өмірінің бір бөлігіне айналған.

Кездесу кешінің ашылу салтанатында университет ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова сөз сөйлеп, «Жас ұрпаққа рухани тәлім-тәрбие беру заманымыздың өткір талабы. Білім беру жүйесінде тәрбие беру ұлттық және рухани негізде үйлестіре жүргізуді қажет етеді. Осыған орай адам тәрбиелеу – адамзаттың ең бірінші аса маңызды қоғамдық қызметі,  азаматтық борышы» - деді.

Кеш барысында отансүйгіштік рухта патриоттық  жан-жақты үйлесімді дамыған тұлғаны қалыптастыруды  тәрбиенің басты мақсаты еткен университет ұжымы мен білім алушылары ақынның шығармашылығымен, өмірдерегімен терең танысып, қызықты мәліметтерге қанық болды.

Ақынның «Мен қазақ қыздарына қайран қалам», «Сені сағындым», «Алақаннан ұшқан аққуым», «Сен болмасаң», «Махаббат деген қандайды»  атты көңіл-күй тербейтін өлеңдері мен әндерін студенттер жарыса шырқап, ақынға арнау арқылы ізгі тілектерін білдірді.

Тау тұлғаның өмір жолына, жалпы шығармашылығына  қатысты қатысушылар тарапынан да қойылған сұрақтар аз емес. Мысалы, ақынның алғашқы махаббаты, неліктен өлең – жырларының көбісін махаббатқа, ғашықтық сезімге арнағаны, ақындық  өнердің бастауы, ақынның ата-анасы жайлы да сұрақтар болды. Әр қойылған сауалға жан-дүниесін беріп, іште қалған сырларын ақтарған ақын барша көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.

Кеш соңын «Қоштасудың қиыны - ай» әнімен аяқтаған студенттердің өнеріне тамсанған ақын, орнынан тұрып әнді қосыла шырқады. Оқытушылар мен студенттерге «Әйел әлемі» атты кітаптарын сыйға тартып, естелікке қолтаңба қалдырды.