Главная Новости «Бір ел – бір кітап» Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары
01 ноябрь, 2017                  318650
«Бір ел – бір кітап» Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары
   2017 жылдың 1 қарашасында ҚазИТУ-дың 21 аудиториясында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» аясында «Бір ел – бір кітап» Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларына арналған кеш өткізілді. Кешті алғы сөзбен проректор Сәрсенбекова Гүлнар Әлібекқызы ашты.
   Сәрсенбекова Гүлнар Әлібекқызы: «Жыл сайын «Бір ел – бір кітап» Республикалық акциясы аясында жалпыхалықтық оқуға Жыл кітабын таңдау дәстүрі елімізде оныншы рет өткізіліп жатыр. «Бір ел – бір кітап» акциясы ҚР Мәдениет министрлігінің қолдауымен ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен ҚР Кітапханашылар Ассоциациясы бастамасымен 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелікке тәрбиелеу», деді.
   Кеш студенттердің дайындаған әдеби-музыкалық қойылыммен жалғаын тапты.
   Жолдыбаева Гүлсая: ХІ ғасыр мен ХХ ғасыр тоғысында әдебиет әлеміне тың ой әкелген бірнеше біртуар тұлғалар бар. Олар шығармаларының тақырыптық маңыздылығымен, көркемдік шешімдерімен, жанрлық ерекшеліктерімен дараланады. Қазақ халқының рухын аспандата келген оптимистік көзқарастағы ақын - жазушылар көші Сұлтанмахмұт Торайғыровтан басталады.
   Омаров Жанболат: Ендеше, Қазақтың лирикалық қаһарманы – Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған әдеби кешімізге қош келдіңіздер дейміз!
   Жолдыбаева Гүлсая:
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып күн болам.
Қараңғылықтың кегіне,
Күн болмағанда кім болам.
деп жырлаған ақынның шын мәнінде де, бүгінде қазақ аспанындағы рухани сәуле шашып тұратын ең жарық күндердің бірі болып мәңгілікке қалғаны рас!
   Осыған байланысты ақынның өмір тарихын 2 курс студенті Сәрсенов Алтынбек баяндап бермек!
   Сәрсенов Алтынбек:
   Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Баянауыл ауданында малшы отбасында дүниеге келген. Әкесі-Әубәкір кедей болған, бірақ хат таныған адам. Бір жасында анадан айырылып, жетімдікті көріп өседі. Қуанышсыз балалық шақ, жартылай аш өмір — осының бәрін Сұлтанмахмұт басынан өткерді. Хат тануды ол әкесінен, кейін (1902-1907) молдадан үйренді.
   Оның адам өмірінің мән-мағынасы жайлы “Адасқан өмір” поэмасы, XX ғ. басындағы қазақтың іріп- шіріген билеуші табының ескен, тәрбие алған ортасы, ескілікке қарсы үн кетерген “Қамар сұлу” шығармасы, жастарды асқақ қиял, зор талапқа бастайтын лирикасы – оны қазақ әдебиетіндегі демократтық әдебиеттің ірі өкілі етті.
   1908-1910 жылдары Сұлтанмахмұт Баянауылдағы медреседе оқиды. 1911 жылы Троицк қаласынан көрші ауылға келіп, молдалық құрған Нұрғалидан дәріс алады. Нұрғалидың көмегімен бұл кезде ол қазақ, татар тілінде шыққан кітаптарды, газет-журналдарды көп оқиды. Өлең, әңгіме жазуға ден қояды. Білімі толысып, өнерге құштарланған Сұлтанмахмұт қаламынан бұл кезеңде "Дін", "Сарыбас", "Соқыр сопы", "Кезек қашан келеді", "Оқу" атты бірқатар өлеңдер мен "Зарландым" деген әңгіме туады. Оларда талапкер ақын ескі оқу мен жаңа оқудың айырмасы, өнер мен білімнің пайдасы, байлық пен кедейлік, т.б. туралы толғанады.
   1912 жылдың күзінде Сұлтанмахмұт оқу іздеп Троицк қаласына барып, осындағы медресеге түседі. Қуанышында шек болмайды. Көңілін шабыт кернеп, "Оқудағы мақсат не?", "Анау-мынау", "Қандай?", "Зарлау" тәрізді бірқатар өлеңдерін жазады.
   Әйтсе де бұл медреседе көп оқи алмайды. Туберкулез індетіне шалдығып, 1913 жылы Троицкідегі оқуын тастауына мәжбүр болды. Амалсыздан Троицк маңындағы қазақ ауылдарына барып, бала оқытады. Өзі де көп оқиды, өлеңдер жазады. Осында жүріп "Ауырмай есімнен жаңылғаным" – деген белгілі әңгімесін жазады. 1913 жылдың күзінде Троицкіге қайтқан Торайғыров «Айқап» журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, «Өлең һәм айтушылар», «Ауырмай есімнен жаңылғаным», «Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан», «Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?», т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды.
   1917 жылдың ақпанында Ресейде буржуазиялық-демократиялық төңкеріс жеңіп, патшаның тақтан түскені мәлім. Патша отаршылдығы мен қоғамдык әділетсіздікке қарсы күрескен Сұлтанмахмұт «Мұндай заманда қазақ оқығандарынын қазақ ішінде болмауы иттік» деп, 1917 жылдың 10 наурызында Семейге келеді. Семейде ұйымдасқан Қазақ комитетінің жұмысына қатысады. 1917 жылдың жазында Алаш партиясының құрылуын, Ұлттық автономия ұйымдастыру талабын қолдап «Алаш ұраны», «Таныстыру» сияқты шығармалар жазады. «Сарыарқа» газетінде өлеңдер мен мақалалар жариялайды. 1917 жылдың қазанында Семейге келген Әлихан Бөкейхановты қарсы алушылар ішінде болып, «Әлиханның Семейге келуі» («Сарыарқа», 1917, 30 қазан, 13 қараша) атты мақаласын бастырады. Онда ұлт көсемінің халықтық еңбегі мен оны қарсы алушылардың сезімі көтеріңкі күйде суреттеледі. Осындай қарбаласта жүріп Сұлтанмахмұг денсаулығын нашарлатып алады. Қыс бойы Тобықты ішіне барып, қысыр сауғызып қымыз ішіп емделеді. «Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс» сияқты поэмалар мен «Осы да әділдік пе?», «Өң бе, түс пе?», «Дауылдағы әбігер», «Ғайса кім?» деген өлеңдер жазады. 1920 жылы 21 мамыр күні ұзаққа созылған аурудан Сұлтанмахмұт қайтыс болады.
   Жолдыбаева Гүлсая:
   Ендігі кезекте 2 курс студенті Құрманғали Индираның орындауында әсем ән! Қарсы алыңыздар!
   Омаров Жанболат:
Сүйемін туған тілді - анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім
дей отырып Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлең шумақтарын оқуды жалғастырсақ!

Қайғы

Асты мұз, үсті де мұз, өзі қалың,
Ақ дария қаптаған жердің бәрін.
Көріп тұрмын «жаныңды қоймаймын»деп;
Терісінен суық желдің долданғанын.
Үскірік, күңгірттенген, ауа шаңыт,
Жүрегім шыдамайды, түрін танып.
Өз көзіме сенбей жүр өз көңілім,
Құдай-ау, мен де кедей болдым ба анық.
Баласы емес пе едім Құтпанбайдың?
Мыңды айдаған нағашым және қайным.
Бар ма еді бұл маңайда бір ай бұрын,
Менен сүйген кісісі бір құдайдың?
Майда жал, қаз мойынды тобым қайда?
Бәрінен сыпырылдым бір-екі айда.
Үстіне жел шықпаса, адам шықпай,
Бұла өскен ая көзім қандай жайда.

Қарағай да қайғырып

Қарағай да қайғырып,
Суылдайды заманға.
Иесінен айрылып,
Кездескен берік қамалға.
Ақ қайың да дірілдеп,
Әлденені күткендей.
Қайғылы үнмен күбірлеп,
Сөйлейді тіл біткендей.
Дауылға әлсіз қара ағаш,
Күдерін үзбес өмірден.
Бұтасыз түбі жалаңаш,
Тас топыраққа көмілген.
Шоғырлы біткен сом терек,
Жыл сайын қажып, кемиді.
Қуарып қызыл гүл шешек,
Өлімге өзін телиді.
   Жолдыбаева Гүлсая: Ал енді құрметті студенттер, осы кешімізді қызықты етіп өткізу мақсатында, бір ойын ойнасақ! Маған 6 студент қажет. Ортаға 6 студент шықты.
Ойын ережесі мынадай: Сіздерге белгілі-бір сөз беріледі. Сол сөзге байланысты өлең жолын оқу немесе өз ойынан өлең шумақтарын шығару немесе ақын жазушылардың өнегелі сөздерін айту. Мақал-мәтел айтуғада болады.

1.Туған ел, дана
2.Үміт, ақын
3.Шәкірт, сұлулық
4.Білім, махаббат
5.Ана, балалық шақ
6.Бақыт, әке
   Әр студент өз ойларынан шығарған өлең шумақтарын оқыды. Өте қызықты ойын болды. Ойынға қатысқандары үшін кішігірім сыйлық ұсынылды.
   Омаров Жанболат: 1 курс студенті Қалиева Ақботаның өнерін тамашалайык!
   Жолдыбаева Гүлсая: Құрметті студенттер Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармалары бойынша немесе өлең жолдары бойынша айтар тілектеріңіз, шығармаларынан үзінді оқығыларыңыз келсе рұқсат!
   Жиенбаева Майра:
   Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
   Ұранға «алаш» деген атты аламын.
   Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
   Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!
   Ерікті ен даланың құсынша ұшып,
   Ер жеттім кеңшілікті сүтін ішіп. ...
   Алтай, Ертіс Сырдария, Есіл, Жайық,
   Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
   Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
   Ер жеттім ен далада лықа байып.
   Ер Түрік ұрпағымын даңқы кеткен,
   Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.
   Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
   Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.
   Мен қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
   Ұранға «алаш» деген атты аламын.
   Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
   Мен неге қазақтықтан сақтанамын!
   Омаров Жанболат:

   Оқып жүрген жастарға

   Үмітпенен жоқ қуған
   Талабы алда баламыз.
   Басқалар жоғын тапқанда,
   Біздер қайтіп қаламыз.
   Тәуекелге бел бусақ,
   Көрдегіні аламыз.
   Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
   Қусақ бәрін шаламыз.
   Іс істейік бір болып,
   Ашылмасын саламыз.

   Жолдыбаева Гүлсая:

   Сұмдар салған жүректе

   Аз ба біздің жарамыз?
   Тепкісінде басқаның,
   Қор боп жүдеп барамыз.
   Көріне көзге азапта
   Мәңгі қайтіп қаламыз?
   Ойыңды енді азат қыл
   Қалсын былай балалық
   дей келе колледж студенттерінің атынан патриоттық ән!
Утемова Аяжан бастаған топ патриоттық ән шырқады. Омаров Жанболат:
   Құрметті ұстаздар мен студенттер бүгінгі біздің әдеби-музыкалық кешіміз осымен тәмам! Назарларыңызға рахмет! Мәңгілік еліміздің рухани, ұлттық құндылықтарын қадірлеп жүрейік!