Главная Новости «Тәуелсіздік - тәтті ұғым таңдайдағы»
29 ноябрь, 2017                  318657
«Тәуелсіздік - тәтті ұғым таңдайдағы»
Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің акт залында 2017 ж. 29 қараша күні Желтоқсан оқиғасына қатысқан азаматтармен кездесу ұйымдастырылды. Кездесу қонақтары: Ергебаева Шара Бөлегенқызы – «Қайсар жүрек» қоғамдық қорының төрайымы, Садуллаев Қуанышбай Файзуллаұлы – «Желтоқсан ақиқаты» қозғалысының қалалық филиалының төрағасы, Қылышбаев Байрон Толқынұлы - Садуллаев Қуанышбай Файзуллаұлы – «Желтоқсан ақиқаты» қозғалысының мүшесі. Жиынға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы және студенттер қатысты. Жиынды колледж директоры М. Шалабаева жүргізіп отырды. Кіріспе сөзбен ашып, баяндама жасаған проректор Гүлнар Сәрсенбекова: « «Біз қазақ деген мал баққан елміз, бірақ, ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз, елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз, ешбір дұшпан басынбаған елміз, басымыздан сөз асырмаған елміз,» — дейді Қазыбек би. Бұл даналық нақылдан құт-береке тілеп, бейбітшілік аңсаған ел екеніміз көрінеді. Бірақ, «Тамырсыз ағаш, тарихсыз халық болмайды». Халқымыз өзінің қалыптасу жолында талай қилы-қилы белдерді асып, тар жол, тайғақтарды кешті. Сонау сақтардың әйел патшасы Томиристен Кенесарыға дейін, Мұстафа Шоқай мен Әлихан Бөкейхановтардан Қайрат, Ләззаттарға дейін қанша рет ұлан-ғайыр дала азаттықты аңсаған алты алаштың ақсақ та айбынды ұранына куә болды. Ғасырлар бойы қазақ даласында болған әрбір оқиға– тәуелсіздікке жасалған бір қадам. Осындай кішкене адымдармен, бірақ оң жолмен, азаттық жолымен қазақ елі армандаған мақсатына келе жатты. Желтоқсан оқиғасы осы бір үлкен жолдағы айшықты қадам болды. 1986 жылғы «Желтоқсан оқиғасы» тәуелсіздіктің, азаттықтың, демократиялық жаңғырудың бастауы болды. «Қазақ» деген қаным бар деп бастап, «Еркек тоқты құрбандық, атам десең атыңдар» деп аяқтаған қайсар Қайраттың ерлігінің мәні зор емес пе?! Терезі тең, байрағы желбіреген ұлттар санатына ілігу үшін талай ауыртпалық бастан өтті. Енді мұхиттың арғы жағындағы Біріккен Ұлттар Ұйымында көк байрағы, алтын зерімен күнге шағылыса желбірейді», деп қорытындылады. Кездесу қонақтары тағлымы мол естеліктерімен бөлісті. Cтуденттер сұрағына жауап берді. ҚазИТУ студенттері атынан Меруерт Батай құттықтап, алғысын жеткізді. Колледж студенттері: Құрманғали Индира «Қазақстаным, алға!» әні, Берікқожа Камила «Тәкелсіздік» өлеңін оқыды. Қалиева Ақбота «Самға» әнімен кездесу аяқталды.