Главная Новости ҚазИТУ колледжінде сазгер Жәкен Омаровпен кездесу өтті
12 декабрь, 2017                  318643
ҚазИТУ колледжінде сазгер Жәкен Омаровпен кездесу өтті
   2017 жылдың 12-желтоқсанында Тәуелсіздік мерекесіне орай Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті мен колледжінде проректор Г.Ә.Сәрсенбекованың ұйымдастыруымен айтыскер ақын, әнші, термеші, сазгер Жәкен Омаровпен кездесу өтті. Кездесуге журналист Жарқын Сәленұлы да қатысты.
   Сандаған ғасырлар мен замандар бойы бабаларымыздың асыл арманы болған Тәуелсіздік тақырыбы төңірегінде сөз қозғалды. Жәкен ағамыздың тұшымды сөздері, әуезді әндері, термелері отырған көрерменді тәнті етті. Жанды дауыстағы ән – студенттердің жанына жылылық сыйлап, көңілдеріне шырайлы лебіз дарыта түскендей.
   Студенттер тарапынан Тәуелсіздік тұғырын дәріптеуге байланысты Ж.Омаров шығармашылығына қатысты бірнеше сұрақтар қойылды. Белгілі журналист Ж.Сәленұлының да өткір тілді, қырағы жауаптары тыңдаушыны қапыда қалдырмады. Аталмыш кездесуден алған әсерді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай тағылымы терең іс-шара ұйымдастырылып тұрса, нұр үстіне нұр болар еді.