Главная Новости Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық
26 май, 2018                  318647
Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық
«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы жайында Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты еңбегінде былай деген болатын: «... Біздің мақсатымыз айқын, бағытымыз белгілі, ол – әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылу.

Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып оты¬руы тиіс. Бұл саяси және экономикалық жаң¬ғыру-ларды толықтырып қана қоймай, олардың өзегіне айналады.

Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таң¬даулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. Бұл бағдарлама арқылы неге қол жеткіземіз? Ең алдымен, жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім бере бастаймыз. Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге не¬ғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз.

Оған қоса, жаңа мамандар ашықтық, прагматизм мен бәсекелік қабілет сияқты сананы жаңғыртудың негізгі қағидаларын қо¬ғам¬да ор¬нықтыратын басты күшке айналады. Осылайша, болашақтың негізі білім орда¬ларының аудиторияларында қаланады. »

«Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша жақында 18 оқулық жарыққа шыққан болатын. Олар экономика, философия, тарих, тіл білімі, жалпы әлеуметтік-гуманитарлық салаларды қамтиды. Бір ерекшелігілі, бұл кітаптардың барлығы да ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылған.

Университетімізге осы жоба аясында 17 оқулық сыйға тартылды, жалпы саны 972 дана.

Осыған байланысты 25.05.2018 ж. ғылыми кітапхана және «Рухани жаңғыру» офисінің ұйымдастыруымен оқулықтарды таныстыру көрмесі және семинары болып өтті.

Іс-шараны алғы сөзбен ғылыми кітапхана меңгерушісі Бейспаева С.Ж. бастады : Құрметті оқытушылар, студенттер және университет ұжымы «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша кітапхана қоры жаңа оқулықтармен толықтырылды. Бұл тек қана кітапхана қорын толтыру ғана емес, студенттеріміздің білім сапасын жоғарылатудың негізгі сатысы.

Барлық оқулықтарды көрмеге ұсынып отырмыз, қарап таныссаңыздар болады.

Тәрбие жұмысы, мониторинг және әлеуметік даму жөніндегі проректоры, «Рухани жаңғыру» офисінің жетекшісі Сәрсенбекова Г.Ә.: Еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласында бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да ауадай қажет екенін айтты. Тарих пен саясаттану, әлеуметтану мен философия, психология, педагогика, экономика, мәдениеттану және филология ғылымдары бойынша студенттерге заманға лайық білім беруге қажетті жағдай жасауды тапсырды.

Осы міндетті іске асыруға мүмкіндік беретін негізгі тетік ретінде “Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық” жобасы қолға алынды. Бұл жұмыс үкіметтік емес және коммерциялық емес “Ұлттық аударма бюросы” деп аталатын қоғамдық қордың ұйымдастырылуымен жүзеге асты.

Аталған жоба аясында алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең үздік деген университет оқулықтары түрлі тілдерден қазақ тіліне аударылып, біздің студенттерге дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік туып отыр. Бұл біздің еліміз үшін де, университетіміз үшін де үлкен жетістік.

Іс-шара барысында кітаптармен танысып, қарап шыққан оқытушылар және студенттер де өз ойларын ортаға салды.

Студент Сарыбаева А.: «Биотехнология» мамандығында оқысам да экономика, философия, психология, тіл, тарих маған қызықты. Мысалы, бір психологияның өзін алсақ , адамның қоғамдық ортада өз-өзін қалай ұстауы керек, адамгершілік қасиеттері, адамның жалпы тұлға ретінде қалыптасуы, қоғамда өз орнын табуы жайлы және ең бастысы адам өміріндегі қазіргі заманауи талаптар қандай деген сұрақтарға жауап ала аламыз, жауап алмасақ та, осы кітаптар соны білуге бағыт-бағдар беретін таптырмайтын құрал деп санаймын.

«Экономика және қаржы» кафедрасының меңгерушісі, оқытушы Смагулов А.М.: Кітапхана қорының қазақ тіліндегі осы жаңа оқулықтармен толықтырылғаны өте қуантарлық жайт. Біздің экономика саласында үнемі дүниежүзі бойынша жаңа терминдер еніп отырады, жаңартулар болып тұрады. Біздің салаға қатысты «Экономикс», «Кәсіпкерлік.Теория.Процесс», «Менеджмент» кітаптары арқылы студенттеріміз барлығымен таныс бола алады және бұл кітаптарда әрбір тақырыпқа жеке тоқталып, теория мен практиканы қатар мысалдармен жеткізеді. Сондықтан студентерімізге кітаптарды оқу, меңгеру жеңіл әрі түсінікті болады деп ойлаймын.

Бейспаева С.Ж.: Осы іс-шараға қатысып, өз ойларыңызды ортаға салып, пікір білдіргендеріңізге көп рахмет! Кітапхананың есігі сіздер үшін әрқашан ашық!