Главная Новости ҚазИТУ ұжымы - Жамбыл мұражайында
26 ноября, 2018г.                  318653
ҚазИТУ ұжымы - Жамбыл мұражайында
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы. «Ұлы даланың ұлы есімдерін» таныта отырып, біздің қаһармандарымыздың өмірі мен қызметі жөнінде жастарға патриоттық тәрбие беруде барынша насихаттауды алдына мақсат еткен Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті 2018 ж. 25 қарашасында Жамбыл мұражайына университет басшылығы, оқытушылары, магистранттары мен студенттеріне экскурсия ұйымдастырды.

Жамбыл мұражайы Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылында орналасқан рухани-танымдық, мәдени мекеме болып табылады. Мұражай қазақ халқының ұлы ақыны Жамбыл Жабаев тұрған үйде 1946 ж.

ұйымдастырылған. Мұражай аумағында ақынның қолымен егілген ағаштар өсіп тұр. Жеміс ағаштарына мол баудың арасында кесене тұр. Кесененің сол жақ босағасына ақынның киесі — қызыл шұбар жолбарыс мүсіні орнатылған.

Жамбыл өмір сүрген 12 бөлмелі үй, мінген автокөлігі сол күйінде сақталған. Мұражай-үйге кейінірек қосымша конференц зал салынған. Мұражайда Жамбылдың ұлы ұстазы ақын Сүйінбайға бөлме арналған. Ақынның өмірінен сыр шертетін фотолагерея арнайы үлкен бөлмеге орналасқан. Керемет толғауларын төккен Мәскеудегі онкүндікте қолына ұстаған домбырасы мен киген шапанына арнайы орын витринадан берілген.

Үйдің сол жақ қанатында орналасқан ақынның өз бөлмесі ерекше есте қалып, тарихтың сол уақытына сапар шеккізеді. Жұмыс бөлмесінде ағаштан жасалған шағын үстел, кресло, радиоқабылдағыш, орыс, қазақ тілдерінен жиналған шағын кітапхана, қабырға сағаты және кіреберіс қабырғада қара телефон. Бұл бөлмеге жапсарлас орналасқан — ақынның ұйықтайтын бөлмесі Жамбыл дүниеден қайтқан сәттен ешбір өзгермеген. Есіктің оң жағында киім ілінген, бұрышта — ағаштан қиып жасалған көз тартатын шифонер, күнделікті тұрмысқа керекті заттар қойылған айна тұр.

Жамбыл мұражайы бағының ішінде, Жамбыл кесенесінің жанында қазақтың композиторы, дирижері Нұрғиса Тілендиевтің бейіті мен ескерткіш-құлпытасы бар.

Қазақтың ғасыр жасаған дара тұлғасына арналған мұражай төл тарихымызды білуге, бағалап, мақтан ететін жастарды тәрбиелеуде қызмет етеді.

Жамбыл мұражайына экскурсия ұйымдастыру жұмыстарына үлкен көмек көрсеткен Асем Мыржиеваға алғыс білдреміз.