Главная Новости ҚазИТУ-да қонақта «Түркістан» халықарлық газетінің ұжымы.
11 декабря, 2018 г.                  318676
ҚазИТУ-да қонақта «Түркістан» халықарлық газетінің ұжымы.
6-желтоқсан «Түркістан» халықаралық газетінің ұжымы оқу ордамызға қонақта болды. «Түркістан» газетінің бас редакторы, қарымды қаламгер Шағатай Жанабек бастаған ұжым: Бас редактордың орынбасары Динара Мыңжасарқызы, газет тілшілері, талантты журналисттер Мирманова Таңсұлу, Өмірзақов Ахмет, Құсайынов Мақсат ҚазИТУ студенттер үйінің конференция залында студенттермен керемет кездесу өткізуге ұйытқы болды.

Еліміз тәуелсіздігін алып, ұлттығын ұлықтап, жоғын түгендеп, жоғалтқанын қайта таба бастаған жылдары елдік мақсаттарды жүзеге асыратын ұлттық басылымдар да жарық көре бастады. Оның бірі, әрі бірегейі, халықтық мүдде мен елдік мұратты ту етіп ұстаған апталық "Түркістан" газеті еді. 1994 жылдың 28 қаңтарында 4 бет қана болып шығып қазіргі таңда қазақ ақпарат айдынан ойып орын алар пәрменді басылымға айналған "Түркістан" газетінің ұжымымен кездесу ұйымдастырудағы мақсат - студенттерді түркі тілдес халықтардың тарихынан, мәдениеті, тілі мен дінінен хабар беретін газет тарихымен толықтай танысу болды. Оқу ордамызға Тәуелсіздік күні меркесіне қарсаңында қонаққа келген газет ұжымы алдымен Жастар Комитетінің студенттері ұйымдастырған мерекелік концертті тамашалады.

Биылғы жылы жаңадан есігін ашқан студенттер үйінде қонақтарды студенттер үйінің тұрғындары ыстық ықыласпен қарсы алды. Конференция залында өткен кездесуге «Түркістан» халықаралық газетінің ұжымымен қатар, университет басшылығы, оқытушылар, студенттер үйінің меңгерушілері және студенттер қатысты. Университет проректоры Г.А.Сарсенбекова кіріспе сөзін сөйлеп, қонақтар мен қатысушы студенттердің еркін сұхбаттасуына жол ашты. Кездесу барысында қонақтар газет тарихы, мақсаты, қазіргі, шығармашылық пен әдебиет, журналистика саласының жай-күйімен, қазіргі заман жастарының тәрбиесі жайында студенттерді қызықтарған әр-алуан көптеген сұрақтарына жауап берді. Тағылымды пікір-алмасу әңгімелері жастарға үлкен шабыт пен жігер сыйлады. Жастардың жылы лебіздері мен мағыналы сұхбаты көңілдерінен шыққан «Түркістан» газетінің бас редакторы Шағатай Жанабек, жаңалықтың жаршысы болып, қалым тербеп жүрген газет тілшілері Мирманова Таңсұлу, Өмірзақов Ахмет авторлық кітаптарын студенттерге тарту етті.

Университет проректоры Г.А.Сарсенбекованың қолдауымен, Студенттер үйінің директоры Ж.Б.Молдахметованың ұйымдастыруымен өткен кездесу жиынын студенттер көңілінен шықты.

Рухани тағылымы мол жиында ҚазИТУ студенттері де алған әсерлерін өлең жолдары арқылы жеткізді. ҚазИТУ түлегі Кеңесбеков Берекенің мына бір өлең жолдары барлығының көңілінен шықты.

Ассалаумағалейкум ағайындар,
Өнерге жақын тұрған талайың бар.
Бүгінгі кереметтей отырысқа,
Ат терлетіп келіп қалған жайым бар.
Ақындармен кездесуде болып ем,
Кітап алып қолдарынан көріп ем.
«Түркістанмен» кездесуім алғашқы.
Қуанышқа бөлендім мен шынымен.
Әңгімелер болып жатыр кәделі,
Бұл кездесу өтіп жатыр әдемі.
Осындай бір мағыналы отырыста
Сіздерге айтар бір тілегім бар еді.
Аспаным көк, жерім кең, күн тірегім,
Бірлігіміз бұзылмасын тілегім.
Құрметті «Түркістанның» ұжымына.
Зор алғыс тілегімді білдіремін.


Кездесу соңында «Түркістан» газетінің ұжымы студенттер үйіне арнайы естелік сыйлық табыс етті. Студенттер үйінде тұратын студенттер де өз кезегінде шағын дастархан жайып, қонақтарға тағамдар ұсынды.

Расында негізі қаланған алғашқы жылдардан бастап, күні бүгінге мемлекеттің қалыптасуы мен қазақ руханиятының жандануына үлес қосып, жас ұрпаққа төл тарихымызды ұғындырып, ұлттық сананы ұлықтап, жастар бойындағы патриоттық сезімнің артуына өзіндік үлестерін қосып жүрген "Түркістан" газетінің ұжымына керемет кездесу үшін ҚазИТУ студенттері атынан алғыс білдіреміз!

Оқырмандарыңыз еселей өсіп, еңбектеріңіз жана берсін. Ұжымға зор денсаулық, шығармашылық шабыт, толайым табыс тілейміз!