Главная Новости Ақ жол – саған, ҚазИТУ түлегі-2018!
01 июль, 2018                  318673
Ақ жол – саған, ҚазИТУ түлегі-2018!
Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде 2018 жылдың 28 маусымында дәстүрлі «ҚазИТУ түлегі-2018» фестивалі өтті. Фестивальға қонақтар, ата-аналар,оқытушылар және 2017-2018 оқу жылының түлектері қатысты.

Фестивальдің салтанатты жиынын құттықтау сөзімен ашқан ҚазИТУ ректоры, профессор Нұрлан Мұқанұлы Темірбеков түлектерге бағытталған ыстық лебізімен бөлісіп, оқу ордасының жеткен жетістіктерін атап, ҚазИТУ түлектерінің алған білімдері мен кәсіби біліктіліктерінің нәтижесінде мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, еңбек етіп жатқандарын зор қуанышпен атап өтті. Түлектерге сәттілік тілеген Нұрлан Мұқанұлы университет пен колледжді үздік аяқтаған студенттерге қызыл дипломдарын табыс етті.

Келесі кезекте әр мамандықтар бойынша түлектерге дипломдарын университет проректоры Г. Сәрсенбекова, З. Тукенова, департамент директоры Р. Қарибжанова, декан З. Матаева, кафедра меңгерушілері мен еңбек ардагерлері салтанатты түрде табыс етті.

Колледж түлектеріне дипломдарын ҚазИТУ колледжінің директоры М. Шалабаева табыстады.

Алға қойған айқын мақсаттарын іске асыру жолында ҚазИТУ қабырғасында 4 жыл білім нәрімен сусындап, бүгінгі күні кәсіби түрде жоғары білімді маман атанған түлектердің жүздері жайдары. Білім алған шаңырақтармен қоштасып, қолдарына диплом алған қимастық пен толқынысқа толы шақ түлектердің жадында мәңгі жатталары сөзсіз.Осы мақсатта өткен дәстүрлі фестиваль әсем әнмен, әдемі «Түлектер вальсымен» жалғасты.

Түлектер атынан: «Биотехнология» мамандығы бойынша үздік диплом иегері, Жастар комитетінің президенті Береке Кеңесбеков, «Мисс ҚазИТУ-2017» байқауының жеңімпазы, оқу үздігі Азиза Кожибаева және түрлі республикалық телевизиялық ән байқаулардың жеңімпазы Мәди Мырзабек сөз сөйлеп, білім ордасына, университет басшыларына, ұстаздарына және ата-аналарына жүрек жарды тілектерін білдірді.

ҚазИТУ-дың түлегі ақ жол саған!

ҚазИТУ түлектеріне жарқын болашақ, биік самғау, бақыт, махаббат, ақ жол тілейміз! Қанаттарыңыз талмасын!