15 февраля 2019г                  318692
АРУЛАР-ӘСЕМ ЖАНДАР

Ару қаламыз Алматыда орналасқан оқу ордамыз Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Жастар ресурстық орталығының Жастар жылы аясында ұйымдастырған «ҚазИТУ АРУЫ-2019» байқауының финалдық кезеңі өтті. Байқау мақсаты: тән мен жан сұлулығы үйлескен аруларымызы тіршіліктің тірегі, әлемдегі ізгіліктің алтын діңгегі, жарық дүниедегі әдемілік пен сұлулықтың тәңірісі деп бағалаған нағыз қазақ қызы атына сай болуға шақырып, әдемілік пен мәдениеттілікке тәрбиелеу. Үш іріктеу кезеңнен сүрінбей өткен жеті аруымыз сұлулық пен парасаттылықтың тәжіне таласты.

Елбасымыз өзінің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында «Қазақстан қызғалдақтың отаны» деп айтпақшы,сұлулық байқауы Қазақстан аумағындағы Шу, Іле тауларының етегінен әлі күнге дейін әлемінің жауһары саналатын қызғалдақ гүліндей құлпырған жеті қызымыздың әдемі биімен басталды.

Жалпы жүлде қоры 500 000 теңгені құраған бұл ауқымды шарада әділ қазылар алқасының құрамында елемізге танымал өнерпаздар мен кәсіпкерлер: «Бәйтерек» ұлттық киім дүкенінің негізін қалаушы - Қайнолла Флора , мэйк-ап артист, визажист - Айгерім Жаңабаева, Қазақстан дауысы, МузАРТ лайф, I’m singer Kazakhstan байқауларының финалисті, эстрада жұлдызы - Иса Әлимұса және оқу ордамыздың басшысы Сәрсенбекова Гүлнар Әлібекқызы төрағалық етті. Ақтық сайысқа тиянақты дайындалып келген, «сен тұр, мен атайын» деп тұрған қатысушыларымыздың арасынан үздікті таңдау қара қылды қақ жарар қазылар алқасына оңайға соққан жоқ.

Бірінші кезең бойынша әсем әуен аясында өздерін таныстырған аруларымыз білім парасатын таразылайтын сайыста қазақ халқының салт - дәстүрі, еліміздің және университетімізідің тарихына байланысты сұрақтарға жауап беріп, қазақтың қыздары ажарымен ғана емес, ақыл парасатымен, тапқырлығымен ерекшеленетінін дәлелдеді.

Ақтық сайыста бақ сынаған жеті ару өнер сайысында бірі Қыз Жібектің образына еніп Гәккулетсе, бірі қасиетті домбыраның құлағында ойнады. Көрермендер мен әділ қазылардың ерекше назары Төрехан Сымбаттың дайындаған «5 періште» монологына ауды. Қоғамдағы соңғы жағдайларға байланысты қойылған монолог әсерлі болып әділ-қазылардың жоғары бағасына ие болды. Сыр –сымбаты мен әсем тұлғасын көрсетіп, ерекше ажарландыратын «Дефиле» сайысында арулар әдемі көйлектермен құлпыра түсті.

Үш сайыстың қорытындысы бойынша «жоғары деңгейде өнер көрсетіп, жеңіске деген құштарлығы үшін арнайы дипломдар Қайырбекова Асель, Бағланбаева Мөлдір, Жаңабек Ақбота, Әден Іңкәр аруларымызға берілді. Бір апта бойы инстаграм әлеуметтік желісі арқылы дауыс беру нәтижесінде «Көрермендер көзайымы» номинациясын Миран Нұрсәулеге иеленді. Байқаудың «Вице-МИСС ҚазИТУ 2019» атағына сұлу сымбаты мен әсерлі поэзиясымен ерекшеленген Төрехан Сымбат лайық деп танылды. Сұлулық байқауының жеңімпазы, ақылына көркі сай, сыр мен сымбаты үйлескен, нағыз қазақ қызының көркем көрінісін көрсете білген Әбдіқалық Жібек «ҚазИТУ АРУЫ-2019» атанды. Барлық жеңімпаз және қатысушы аруларға университет және демеушілер атынан ұсынған бағалы сыйлықтар мен дипломдар табыс етілді.

Ауқымды әрі тәрбиелік мәні зор бұл шара келер жылы да өз жалғасын табатын болады.