Главная Новости Алғыс айту күніне орай «Аялы алақан» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды
01 март, 2019                  318724
Алғыс айту күніне орай «Аялы алақан» қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды
1-наурыз Алғыс айту күні қарсаңында Жастар жылы аясында Талғар қаласындағы «Нұр» қайырымдылық балалар үйінде «Аялы Алақан» атауымен кездесу ұйымдастырылды. Аталған қайырымдылық шараның бастамашысы ҚазИТУ жастар ресурстық орталығы мен «Қамқор» қайырымдылық клубы.

Жастардың бойына ізгілік ұялату, қатыгездікке жол бермеу, бауырмалдыққа тәрбиелеу, сонымен қатар, балалардың көңілдеріне қуат сыйлау, қолдау көрсету, олардың болашаққа деген үміттеріне сеніммен қарауға, келешекте еліміздің отансүйгіш ұл-қыздары болып өсуге тәрбиелеу мақсатында ҚазИТУ жастары балалар жүзіне аз да болса күлкі сыйлап қайтты.

«Нұр» балалар үйінің басшысы,елімізге белгілі педагог, ардақты ана ғұмырының бақытын өзгелерге жақсылық сыйлаудан тапқан адамдардың бірі -Тұяқ Есқожина апайымыз бізді мейірімді жүзімен, ыстық ықыласпен қарсы алды. Тағдыр тәлкегіне ұшырап, балдай тәтті балалық шағында батпандай ауыр мұң арқалап, жанары жаутаңдаған жетімдерді жылатпай, шексіз мейірімділіктің символы болып отырған алтын жүректі Тұяқ апай 20- жылдан бері қанатының астына талай бүлдіршінді алып, оларға бар мейірімін арнап, барлығын қанаттандырып, құтты орнына қондырып келеді. Мұндағы әрбір тәрбиеленушінің көзқарасынан, қабағынан, сөйлеген сөздерінен бұл үйдің ішінде мейірімділік пен жанашырлық бар екенін байқайсыз. Балалар үйі емес, айрандай ұйыған жанұяға келгеніңізді сезінесіз.

Тұяқ апай студенттерге өз ғұмырының оқиғаларын баяндап, өте мәнді де мағыналы әңгіме жүргізіп, жастарға үлкен ерік-жігер сыйлап, мейірімділікке шақырды. Студенттер балалармен ойын ойнап, жақсы уақыт өткізді.

ҚазИТУ жастары мейірім мен ізгіліктің шапағатына шомылған «НҰР» отбасылық балалар үйінің қайырымдылық жолындағы қайырлы ісі көпке үлгі болсын!