Главная Новости Ұлы даланың ұлық мейрамы ҚазИТУ-да тойланды!
20 апрель, 2019                  318689
Ұлы даланың ұлық мейрамы ҚазИТУ-да тойланды!
Береке - бірлікті, ынтымақты тірлікті, жақсылықты, мейір - шапағатты, кең пейілді, бақ-берекені, көктемнің жылу шуағын өзімен бірге ала келетін Наурыз мейрамы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде тойланып, баршаға қуаныш пен мереке сыйлады. Осы жылы Наурыз тойы су жаңа Студенттер үйінің алаңында өтті.

Мерекеге ҚазИТУ Бақылау кеңесінің мүшелері, оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер, еңбек және соғыс ардагерлері, Академқалашықта орналасқан ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары мен БАҚ өкілдері қатысты. Мерекелік шараны ҚазИТУ ректоры міндетін атқарушы Г. Сәрсенбекова құттықтау сөзбен ашты. Айтулы мереке Республикалық «Зерде-ҚазИТУ» олимпиадасының 2 турының өтуімен тұспа-тұс келді. Олимпиадаға елімізідің әр аймағынан келген оқушылар мен ата-аналар Наурыз мейрамын көпшілікпен бірге тамашалды.

Мерекенің шымылдығы университетімізідің биші қыздарынан құралған «Шабыт» би тобының «Шашу» әсем биімен ашылды.

Наурыз тойына қонақ ретінде әннен шашуын арқалай келген дәстүрлі қазақ өнерін көпшілікке жоғары деңгейде дәріптеп, құлақ құрышын қазақтың халық әнімен қандырып жүрген - «Алатау серілері» тобы мерекенің сәнін кіргізді.

Жастар жылында да елімізде жарқын бастамалар іске асырылып келеді. Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Жастар жылындағы жаңадан енгізілген игілікті шаралардың қатарында «Үздік студенттік топ» байқауының орны ерекше. Байқау қорытындысы бойынша «Үздік студенттік топ» атанған топқа университет атынан 100 000 теңгелік сертификат дәл осы күні табыс етілді.

Сонымен қатар ҚазИТУ колледжінің қабырғасында 3 жыл 6 ай бойы білім нәрімен сусындаған үздік түлектер Наурыз мерекесінде диплом алу қуанышына ие болып, түлектердің құрметіне ҚазИТУ вальсі шырқалды. 100 студенттің басын біріктіріп, ұйымдаса билеген қазақ биі «Қара жорға» жиналған жұрттың делебесін қоздырып, тамаша көңіл күй сыйлады.

Студенттер үйінің алаңында ұлттық нақышта киіз үйлер тігіліп халқымыздың ұлттық бұйымдары қойылған көрме ұйымдастырылып, ҚазИТУ ұжымы мен барша қонақтар Наурыз көжеден дәм татты. Қонақтар мен оқытушыларға, студенттерге арнайы жайылған ақ дастархан басында ұлттық әндер шырқалды. Алтыбақан теуіп, шаттықтан жүзері жайнаған жастардың көңіл –күйі ерекше. «Арқан тартыс», «Қол күрес», «Батпан көтеру», «Асық ату» сияқты қазақтың ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, жеңіске жеткен студенттер мақтау қағазымен, сыйлықтармен марапатталды.