Главная Новости «Айқын» ұжымы ҚазИТУ-да қонақта
31 март, 2017                  318718
«Айқын» ұжымы ҚазИТУ-да қонақта
30-наурыз Қазақстан инженерлік–технологиялық университетінде Республикалық қоғамдық-саяси «Айқын» газетінің журналистерімен рухани-танымдық кездесу кеші өтті. Тағылымы мол жиынға «Айқын»газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты, журналист Нұртөре Жүсіп бастаған журналистер қауымы және ҚазИТУ басшыларымен қатар, университет ұстаздары мен студенттері қатысты.

«Айқын» газеті 1 наурыздан бастап қазақтың ұлттық камзол, шапан, баскиімдерін киіп, әшекейлерін тағып жүруді насихаттап, акция жариялаған болатын.ҚазИТУ жастары бұл бастаманы қолдап, ұлттық киім үлгісімен ерекшеленді.

Университетіміздегі «Жас қаламгер» клубының мүшелері, болашақ жас ақындар «Айқын» газетіне арнаған өлеңдерін оқып, кеш шымылдығын ашса, «Жас оқырмандар» клубы аясында студенттер наурыз айында оқыған Нұртөре Жүсіптің «Мың құмырысқа және біз» атты кітабынан үзінді алып,көрініс көрсеткен талантты студенттер көрермен көңілінен шыға білді.

Келелі кездесуде Нұртөре Жүсіп: «Болашақ, сіздер сияқты жастардың қолында. Қазақ жастарының қолынан бәрі келеді.Себебі олар текті, қаны таза, рухы биік. Шығар асуларыңыз, бағындырар биіктеріңіз әлі алда.Осындай керемет ҚазИТУ-дай оқу орнында сапалы білім алып, саналы тәрбиені бойға сіңіріп, білікті мамандық иесі атануларыңыза тілектеспін. Мен сіздерге сенемін!»-деп ыстық лебізін білдіріп, студенттерді жігерлендіре түсті.

Айқын газетінің мәдениет бөлімінің шолушысы, ақын Төреғали Ташенов «Қамшы тарту» өлеңін оқып, залды бір серпілтіп тастады.Мазмұнды да, тағылымды сыр-сұхбат барысында студенттер кеш қонақтарына көкейлерінде жүрген сауалдарын қойды. Толасыз қойылған сұрақтарға қонақтар емен-жарқын отырып, тұшымды жауап берді.

«Әуелі газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай қажет болса, халыққа газет сондай керек»-деп Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, 13 жыл ішінде ұлтына қажет басылымға айналып, шартарапты болып жатқан жаңалықтарды айқын жазатын «Айқын» газетінің ұжымына алғысымыз шексіз!«Айқын» газеті ҚазИТУ студенттері үшін сүйікті басылым болып қала бермек.

Кеш соңында ҚазИТУ жастары журналистерден қолтаңба алып, естелік суретке түсті.