Главная Новости Ректормен «Online» кездесу өтті
10 қыркүйек 2020                  318733
Ректормен «Online» кездесу өтті

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде жаңа оқу жылының басында оқу ордамыздың ректоры, Сарсенбекова Гүлнар Әлібекқызымен 1-курс студенттерінің кездесуі өтті. Кездесуге, студенттермен қатар оқу ісі жөніндегі проректор, оқытушы-профессорлар құрамы, эдвайзерлер, құрылымдық бөлім департамент директорлары мен студенттік ұйым жетекшілері қатысты. Кездесудің мақсаты – төтенше жағдай кезіндегі оқу процессінің ұйымдастырылу барысымен, жастардың ізденістері мен шығармашылығын дамыту бағытындағы жоспарлармен таныса отырып, студенттердің оқу үрдісіндегі, жалпы студенттік өмірдегі жан-жақты сұрақтарды шешіп, ұсыныстарды қарастыруға бағытталған.

Кездесуді ашқан университет ректоры Г.Әлібекқызы студенттерді ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты жолдауындағы басты бағыттарды назарға ала отырып, білім жүйесінің қолжетімді әрі сапалы болуын қамтамасыз етудің маңыздылығына тоқталды Осы орайда ҚазИТУ басшылығы мен оқытушы-профессорлық құрамы еліміздегі төтенше жағдайға қарамастан, студенттерге үздіксіз әрі сапалы білім беру бойынша оқу бағдарламаларын әзірлеп, жаңа оқу жылын табысты бастап, университетте қашықтықтан оқыту жүйесі тиімді ұйымдастырылып, оқытушылар сабақ өтуіне қажетті техникалық құрал- жабдықтармен барынша қамтамасыз етілгендігін атап өтті.

Сонымен қатар күннен-күнге көркейіп келе жатқан университетіміздің дамуында студенттердің қосар үлесі зор екендігіндігіне тоқталып, студенттік өмірде белсенді болуға шақырды.

Одан әрі кездесу студенттерден келген сұрақтар мен ұсыныстарға жауап берумен жалғасты. Пандемия кезіндегі қашықтықтан оқу бойынша техникалық мәселелер, мемлекеттік грантқа ауысу мүмкіндігі, президенттік шәкіртақы иегері атану жолдары студенттерге арналған әлеуметтік қолдау, академиялық ұтқырлық бойынша шет елде білімін жалғастыру және студенттік ұйымдарға кіру секілді көптеген сұрақтар болды. Студенттерден келген сұрақтарға тиісті жауап беріліп, туындаған мәселелер бойынша шешу жолдарын ұсынылды.


Кездесу соңында Г.Әлібекқызы әрдайым студенттерге ашық екендігін, университет өміріне байланысты сұрақтар мен ұсыныстарға жауап беруге дайын екендігін жеткізді. Ол үшін әлеуметтік желілердегі парақшалар мен сенім телефондары жұмыс жасайды.