Главная Новости ҚазИТУ онлайн студиясында-Қайрат Әділгерей!
30 қазан 2020                  319193
ҚазИТУ онлайн студиясында-Қайрат Әділгерей!

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіндегі «ҚазИТУ онлайн студиясының» кезекті қонағы жұлдызды актер, шоу-бизнестегі ретингі жоғары бағдарламалардың жүргізушісі, талантты әзілкеш Қайрат Әділгерей болды! Қызыққа толы кездесуге студенттер мен олардың ата-аналары, эдвайзерлер, мектеп оқушылары қатысты. Сұхбаттасу форматында өткен кездесуде Қайрат Әділгерей өзі туралы, өнерге басқан алғашқы қадамы, қазіргі кино индустриясы, қызығушылықтары мен отбасы жайында сұхбат берді.

Қайрат Әділгерей - 1984 жылы 20 ақпанда Атырау қаласында туылған. 2004 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының «Театр және кино актері» мамандығын бітірген. Ең алғаш «Қазақстан ұлттық телеарнасында» дубляж бөлімінде жұмыс істеп, «Мафия мен Тақия» тетарында қызмет еткен. 2010 жылдан бері «Әзіл әлемі» театрының юмористі. Қазіргі таңда қазақ кино индустриясында сұранысқа ие танымал актер, халықтың қошеметіне бөленген телевизиялық жобалардың қатысушысы, тележүргізуші. Жары талантты әнші Бақыт Тұрман екеуі 3 перзент тәрбиелеп отырған үлгілі әке. Бос уақытында табиғатқа шығып, кітап оқығанды ұнатады.

Қайрат ағамызға студенттердің сұрақтарына жауап бере отырып, өмірлік жолдарында азық болатын кеңестерімен бөлісті. Жастарға өз мамандығын терең игеріп, көп кітап оқып, ұлттық тіліміз бен құндылықтарымызды дәріптеп, спортпен айналысып әрдайым даму үстінде болуға шақырды.

Қайрат Әділгерей сұхбат соңында: «Блогерлік - болашақтың мамандығы емес. XXІ ғасыр өз мамандығының кәсіби шыңына жеткен білімді жастардың ғасыры. ҚазИТУ студенттеріне айтарым сапалы білім алып, қоғам талабына сай иновациялық ІТ технологияларды игерген ел дамуына үлес қосар білікті маман болыңыздар!»-деп ҚазИТУ студенттеріне ізгі тілегін арнады.

ҚазИТУ студиясында өткен онлайн кездесуге белсенді қатысып, қонағымыздың өмір жолына байланысты сұрақтарға дұрыс жауап берген 1-курс суденттері Серікбай Эльмира мен Асхатұлы Айдын Жастар ұйымдары комитеті атынан қаржылай сыйақыға ие болды.

Қайрат Әділгерей ағамызбен өткен онлайн кездесу жоғары деңгейде өтті. ҚазИТУ студенттеріне арнайы уақыт бөліп, қызыққа толы сыр-сұхбаттың қонағы болғаны үшін Қайрат Әділгерейге үлкен алғыс білдіреміз! Өнер жолында да, өмір жолында да сәттілік тілейміз!