Главная Новости ҚазИТУ-да «Болашаққа рухани жаңғырумен!» атты жиын өтті
13 апрель, 2017                  318679
ҚазИТУ-да «Болашаққа рухани жаңғырумен!» атты жиын өтті
Қазақстан инженерлік-технологиялық университет ұжымында Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты жолдауы бойынша «Болашаққа рухани жаңғырумен!» атты жиын өтті. Дөңгелек үстел жұмысына ғалымдар, оқытушылар, кітапхана қызметкерлері, эдвайзер-кураторлар, магистранттар, студенттер мен құрылымдық бөлім қызметкерлері қатысты.

Модератор-проректор Г.Сарсенбекова жиынды Елбасының «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қабілетімен айқындалады. Сондықтан әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт XXI ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек, мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында», деген сөзімен бастап ашты.

Сөз алған оқытушы-ғалымдар, студенттер: доцент Р. Абдісүлейменова, А. Сарымсақов, А. Елеубаев, Б. Кеңесбек ұлттық сана, ұлттық бірегейлікті сақтау, сананың ашықтығы туралы ойларын ортаға салды. Отырыс барысында ҚР Президенті Н.Назарбаев көтерген таяудағы міндеттерді: қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы, «Туған жер» бағдарламасы, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобаларының маңыздылығына кең тоқталып, жастар арасында жаңғыру жөніндегі ұсыныстардың маңыздылығына тоқталды.

Жиынға қатысушылар Қазақстанның болашағын жаңа идеялар арқылы баянды ету мүмкіндігін бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбектенуде екендігін мол сеніммен айтып, қорытындылады.