Главная Новости «Тәуелсіздіктің «Болашағына» 30 қадам» атты жобасы бастау алды.
21 наурыз 2021                  318928
«Тәуелсіздіктің «Болашағына» 30 қадам» атты жобасы бастау алды.

«Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз. Бағыт бытыраңқы жобаларды тоғыстыру керек. Сонда жұмыс жүйелі болады.» - деп ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Тәуелсіздіктің 30 жылдығын мерекелеуге арналған жиында атап өткен болатын. Осы ретте ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, университетіміздің 20 жылдығы қарсаңында Қазақстан инженерлік - технологиялық университеті қабырғасында «Тәуелсіздіктің «Болашағына» 30 қадам» атты жоба бастау алды. Жоба мақсаты: Тәуелсіздіктің құрдастары саналатын жас көшбасшылармен кездесу, пікір алмасу. Осы арқылы студент жастар бойында тұлғалық қасиеттерді, көшбасшылық қабілеттерін дамыту, жігерлендіру болып табылады. Жоба аясындағы алғашқы онлайн кездесу қонағы «Болашақ» халықаралық степендиясының түлегі, Ұлыбританияның «Глазго» университетінің оқытушы ассистенті Бақыт Төлегенов болды. Кездесу тақырыбы: «Жалынды жастар- жарқын болашақ кепілі». Кездесу модераторы «Маркетинг» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті, «Алтын белгі» иегері, Жастар ұйымы комитетінің мүшесі Ертуғанов Бақдаулет болды. Кездесу барысында Бақыт Төлегенов «Көшбасшы деген кім?» «Көшбасшылықты неден бастаймыз?» «Көшбасшы болу үшін қандай студент болу керек?» – деген сұрақтарды қамтыған мазмұнды презентациясын ұсынды.

«Мың қадам, бір қадамнан басталады. Біздің жастар ешкімнен кем емес. Олар үнемі білсем, үйренсем деген ұмтылыста жүреді. Білім жағынан да салыстырмалы түрде біздің көрсеткішіміз жаман емес. Ең бастысы – мақсат қоя білу, мақсатымыз болса еш кедергі болмайды деп ойлаймын. Осы орайда Елбасы мен «Болашақ» бағдарламасына алғыс айтқымыз келеді.»- деді қонағымыз сұхбат барысында. Сонымен қатар, «Өз елімізде жүргенде Тәуелсіздігіміздің қадірін сезінбеуіміз мүмкін, бірақ өзге елде жүргенде елді сағынамыз, егемендіктің қадірін түсінеміз. «Өзге елдің сұлтаны болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сөз бар. Білекке емес, білімге сенген заманда қапы қалмаудың, елімізді алдыңғы қатардан көрсетудің маңызды екенін көрсетті. Оқыған, білімді халықты бөтен мемлекет басқара алмайды. Сол үшін Тәуелсіздікті қадірлеп, ел мүддесіне жұмыс істеп, білім мен ғылымға атсалысу қажет деп ойлаймын» -деп студенттерге өздеріне деген сенімділікті арттырып, Тәуелсіздің қадірін біліп, еліміздің дамуына үлес қосуға шақырды.

Жастарға ақыл - кеңесін айта отырып, студенттердің жан-жақты дамуына арналған «ТОП -30» кітапты ұсынып, студенттерге оқуға шақырды. Бізде өз кезегімізде мазмұнды әрі пайдалы жігерге толы кездесу үшін Бақыт Төлегеновқа алғысымызды білдіреміз! Білім айдынындағы бағындырар белестеріңіз көп болсын!