Главная Новости «ҚазИТУ-да» ашық аспан астында кино кеші өтті
27 қыркүйек 2021                  318931
«ҚазИТУ-да» ашық аспан астында кино кеші өтті

Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті 2021-2022 оқу жылын дәстүрлі оқу форматында бастады. Жастар саясаты департаменті де студенттік іс-шараларды онлайн және оффлайн форматта жүргізіп жатыр.  26 қыркүйек ҚазИТУ студенттері ашық аспан аясында кино тамашалау мүмкіндігіне ие болды. Шараға келген көрермен студенттер барлық карантиндік шараларды сақтап, кешті қызықты өткізді. Жастар Ұйымдары Комитеті мен студенттік кеңес ұйымдастырған кино көрсетілімнің алдында әлеуметтік желіде сауалнама жүргізіліп студенттер өздері көргісі келетін киноларды таңдады. Ең көп дауыс жинаған киноны студенттер ҚазИТУ футбол алаңында тамашалады. Кеш барысында қызықты викориналық сұрақтар мен би жарысы болып, студенттер көңілін көтерді. Кино кешіне келген студенттер ұйымдастырушыларға дән риза.

«Апта сайын әр түрлі іс-шаралар өтуде. Мысалға, біз «Студенттер үйінде» тұратын құрдастарымызбен бірге алдыңғы аптада өткен «Apple fest» фестивальіне қатысып, «Ең үздік топ» номинациясын жеңіп алдық. Бұл жолы кино көруге келдік. Бастысы барлығы студенттер үшін тегін. Ашық аспанда кино көру атмосферасы керемет болды. Осындай іс-шаралар ауызбіршілігімізді арттырып, көңіл-күйді көтеріп, жаныңа жылылық сыйлайды» -дейді 2-курс студенті Айгерім Халиева.

«Мен Ақтөбе қаласынан келдім. Алматының табиғаты ерекеше әсер қалдырды. Соның ішінде біздің университетіміз экологиялық таза ауданда орналасқан. Алатаудан ескен салқын самалмен тыныстап ашық аспан астында кино көріп керемет әсер алдық. Ұйымдастырушыларға рахмет!»- деп 1-курс студенті Амандықов Хазретәлі өз пікірін білдірді.

«Біз Жастар ұйымдары комитетінің белсенділерімен біргіп, әр жұма сайын ашық аспан астында іс-шара өткізуді жоспарладық. Оқу жылының басынан бері бұл таза ауада ұйымдастырылған үшінші шарамыз. Қазіргі таңда карантин уақыты болғандықтан, бұрынғыдай көп адамды жинап мекеме ішінде кештер ұйымдастыруға болмайды. Сол себепті біз таза ауада өткізу форматын таңдадық. Студенттердің барлығы маскалық режимді сақтауын қадағалаймыз. Алдағы жоспарымызда студенттік квест «Autumn party» және әр түрлі тимбилдингтер бар.»- дейді Жастар саясаты департаментінің маманы Меруерт Батай.

Баршаның көңілінен шыққан шара ары қарай белгілі уақытта тұрақты түрде ұйымдастырылатын болады.