Главная Новости Елбасы Жолдауына ҚазИТУдың қолдауы
10 январь, 2018                  318618
Елбасы Жолдауына ҚазИТУдың қолдауы
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты ЖОЛДАУЫ бойынша Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті ұжымының жалпы жиналысы 2018 ж. 10 қаңтарда университет ректоры Н.М. Темірбеков, проректорлар, оқытушылар, қызметкерлер, студенттер мен магистранттардың қатысуымен өтті.
КҮН ТӘРТІБІНДЕ:
1. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.НАЗАРБАЕВТЫҢ Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері » атты Жолдауымен танысып, талқылау Баяндамашы: проректор Г.Сарсенбекова .
ТЫҢДАЛДЫ :
1. ҚазИТУ проректоры Сәрсенбекова Гүлнар Әлібекқызы баяндама жасады. Жолдаудың мән мағынасы мен қойылған мақсат-міндеттерге тоқталды. а) Қазақстан Республикасының президенті Жолдауында әлем бүгінде төртінші өнеркәсіп революциясы дәуіріне қадам басқанын айтты: «Құрметті қазақстандықтар! Бүгінде әлем Төртінші өнеркәсіптік революция дәуіріне, технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы терең және қарқынды өзгерістер кезеңіне қадам басып келеді. Жаңа технологиялық қалып біздің қалай жұмыс істейтінімізді, азаматтық құқықтарымызды қалай іске асыратынымызды, балаларымызды қалай тәрбиелейтінімізді түбегейлі өзгертуде». Елбасы жетістіктерімізге тоқталып өтті: «Біз жаһандық өзгерістер мен сын-қатерлерге дайын болу қажеттігін ескеріп, «Қазақстан-2050» даму стратегиясын қабылдадық. Алдымызға озық дамыған отыз елдің қатарына кіру мақсатын қойдық. 100 нақты қадам – Ұлт жоспары жүзеге асырылуда. Оның 60 қадамы қазірдің өзінде орындалып қойды. Қалғандары, негізінен, ұзақ мерзімге арналған және жоспарлы түрде іске асырылуда. Өткен жылы Қазақстанның Үшінші жаңғыруы бастау алды. Индустрияландыру бағдарламасы табысты іске асуда. «Цифрлық Қазақстан» кешенді бағдарламасы қабылданды. Қазақстан Республикасының 2025 жылға дейінгі дамуының кешенді стратегиялық жоспары жасалды. Біздің ұзақ мерзімді мақсаттарымыз өзгеріссіз қала береді. Қажетті бағдарламалардың барлығы бар. Бұл Жолдау жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындайды». Елбасы 30 елдің қатарында болуда Қазақстанда қажетті нәрсенің бәрі бар екенін айта отырып, бұл үшін 10 нақты міндеттерді шешуге жұмылуымыз керек деп атады. БІРІНШІ. Индустрияландыру жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналуы тиіс. ЕКІНШІ. Ресурстық әлеуетті одан әрі дамыту. ҮШІНШІ. «Ақылды технологиялар» – агроөнеркәсіп кешенін қарқынды дамыту мүмкіндігі. Аграрлық саясат еңбек өнімділігін түбегейлі арттыруға және өңделген өнімнің экспортын ұлғайтуға бағытталуы керек. ТӨРТІНШІ. Көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру. БЕСІНШІ. Құрылысқа және коммуналдық секторға заманауи технологияларды енгізу. АЛТЫНШЫ. Қаржы секторын «қайта жаңғырту». ЖЕТІНШІ. Адами капитал – жаңғыру негізі. Білім берудің жаңа сапасы. Барлық жастағы азаматтарды қамтитын білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құруды жеделдету қажет. Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс екендігіне кең тоқталды. «Еліміздің университеттеріндегі педагогикалық кафедралар мен факультеттерді дамыту қажет. Білім берудің барлық деңгейінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту керек. Бұл – жастарды жаңа технологиялық қалыпқа дайындаудың маңызды шарты. Білім беру мекемелерінің арасындағы бәсекелестікті арттырып, жеке капиталды тарту үшін қала мектептерінде жан басына қатысты қаржыландыру енгізілетін болады. Біздегі оқушылардың жүктемесі ТМД елдерінің ішінде ең жоғары болып отырғанын және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екенін ескеріп, оны төмендету керек. Барлық өңірлердегі Оқушылар сарайларының базасында компьютерлерді, лабораторияларды және 3Д-принтерлерді қоса алғанда, барлық қажетті инфрақұрылымдары бар балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторларының желісін құру керек. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі. Қазақстандықтардың болашағы – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін еркін меңгеруінде. Орыс тілді мектептер үшін қазақ тілін оқытудың жаңа әдістемесі әзірленіп, енгізілуде. Егер біз қазақ тілі ғұмырлы болсын десек, оны жөнсіз терминологиямен қиындатпай, қазіргі заманға лайықтауымыз қажет. Алайда, соңғы жылдары әлемде қалыптасқан 7 мың термин қазақ тіліне аударылған. Мұндай «жаңалықтар» кейде күлкіңді келтіреді. Мысалы, «ғаламтор» (Интернет), «қолтырауын» (крокодил), «күйсандық» (фортепиано) және тағы сол сияқтылар толып жатыр. Осындай аудармаларды негіздеу тәсілдерін қайта қарастырып, терминология тұрғысынан қазақ тілін халықаралық деңгейге жақындату керек. Латын әліпбиіне көшу бұл мәселені реттеуге мүмкіндік береді. 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажет. Орыс тілін білу маңызды болып қала береді», деді. «Жоғары оқу орындары шетелдердің жетекші университеттерімен, ғылыми орталықтарымен, ірі кәсіпорындарымен және трансұлттық корпорацияларымен бірлескен жобаларды белсенді түрде жүзеге асыруы қажет». ...«Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс». СЕГІЗІНШІ. Тиімді мемлекеттік басқару. ТОҒЫЗЫНШЫ. Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі. ОНЫНШЫ. «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін. 2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл», деп атады. Баяндамашы қорытынды сөзінде Елбасы Жолдауынан туындайтын ҚазИТУ ұжымы алдындағы жаңа мақсат-міндеттерді анықтап, жоспарын жасап, оны орындауда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұмылуға шақырып, аяқтады. 1.2. ҚазИТУ проректорлары, оқытушы-профессорлары мен магистранттары сөз алып, Елбасы Жолдауынан алған әсерлерін, елдің дамуы жолында және дамыған 30 ел қатарына қосылуы жолында қойылған міндеттерді іске асыруда өз үлестерін қосатынын жеткізді. Жиынды ректор Н.М. Темірбеков қорытындылады.