Главная Новости ҚазИТУ-да «Білім күніне» арналған салтанатты шара өтті
2 сентябрь, 2018                  318670
ҚазИТУ-да «Білім күніне» арналған салтанатты шара өтті
2018 жылдың 1 қыркүйек күні Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Білім күніне» арналған салтанатты шара өтті.Аталмыш шараға университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер мен ата-аналар қатысты. Бұл күндері кең байтақ Қазақ елінің барша мектептері мен жоғары оқу орындарында Білім күні кеңінен аталып өтуде. Осынау айтулы мерекенің басты кейіпкерлері – бірінші сыныпқа барған бүлдіршіндер мен жоғары оқу орындарының табалдырығын аттап отырған 1 курс студенттері.

Салтанатты шараны Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры,физика-математика ғылымдарының докторы, академик Темірбеков Нұрлан Мұқанұлы өзінің құттықтау сөзімен ашып, университет ұстаздары мен студенттерін жаңа оқу жылының басталуымен арнайы құттықтап, студенттердің ата-аналарына да ыстық лебізін жеткізіп, балаларының дұрыс таңдау жасағандары үшін өз ризашылығын білдірді.Сонымен қатар, университет басшысы Президенттің 5 әлеуметтік бастамасының «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» атты үшінші бастамасы негізінде жаңа оқу жылында жаңа студенттер үйінің студенттерге есігін айқара ашылатынын қуанышпен жеткізді. Сөз соңында студенттердің сапалы білім алулары үшін университет әкімшілігі тарапынан барлық қажетті жағдайлар жасалатынын, жаһандану үдерісінде бәсекеге қабілетті, білімді де білікті, кәсіби шеберлігі жоғары, ойы ұшқыр, өзіндік ғылыми көзқарасы мен пайым-талағамы биік мамандар даярлап, оларға жақсы тәрбие беру университет ұжымы мен ондағы оқытушылардың басты мақсаты екендігін баса айтып өтті.

Университетте өткен «Зерде- Summer» республикалық пәндік олимпиада жеңімпаздарын марапаттау рәсімі де білім күніне тұспа-тұс келді.Бұдан әрі мерекелік шарада ҰБТ-дан жоғары балл жинап мемлекеттік грант иегерлері атанған 1- курс студенттері де мерекемен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді.

Шара соңы әсем әнмен аяқталып, 1- курс студенттеріне арналған бағдарламамен жалғасты.

Әр кафедра бойынша студенттер аудиторияларға бөлініп, «Менің таңдаған мамандығым!» атты ашық лекциясына, «Менің эдвайзерім-досым, ақылшым, ұстазым» ашық эдвайзердік сағатына қатысты. Эдвайзерлер студенттердің таңдаған мамандығына толығырақ тоқталып, университетпен, оқу барысын баяндады . Бағдарлама барысында ҚазИТУ Жастар ұйымдары комитетінің «Қызығы мол студенттік күндер-ай» таныстырылымы өтті. Студенттер мен олардың ата-аналары үшін универсиетет корпустарына, лекциялық кабинеттерге және жаңа студенттер үйіне экскурссия ұйымдастырылды.

Білім күні мерекесі құтты болсын! Барша ҚазИТУ ұжымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаймыз!