Главная Новости «Ұлы тұлға. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев»
25 October, 2017                  318839
«Ұлы тұлға. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев»
   Кеш қонағы - Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-сатирик, сәтбаевтанушы А.Ә.Өмірбеков. Кешке проректор Г.Ә. Сәрсенбекова және колледждің атқарушы директоры М.Х.Шалабаева, Кітапхана директоры С.Ж. Бейспаева, оқытушылар, ғылыми кітапхана қызметкерлері және университет және колледж студенттері қатысты. Кешті алғы сөзбен проректор Г.Ә.Сәрсенбекова ашты.
   Сәрсенбекова Г.Ә.: Бүгін, ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Ұлы тұлға» атты жобаның алғашқы іс-шарасы өтіп отыр. Жыл көлемінде осы жоба аясында еліміздің өркендеуіне үлес қосқан әйгілі тұлғаларға арналған таалй қызқты іс-шараларда бас қосамыз деп ойлаймын. Бүгінгі кеш «Ұлы тұлға. Қ. Сәтбаев» деген атпен, көрнекті ғалым, геолог, мемлекет қайраткері Қаныш Сәтбаевқа арналып отыр. Бұл кешті ұйымдастыруға үлкен үлес қосқан колледж басшылығы мен ғылыми кітапхана қызметкерлері. Кештің басты қонағы Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын-сатирик, сәтбаевтанушы Аспандияр Әденұлы Өмірбеков.
   Өмірбеков А.Ә. : Қаныш Сәтбаевтан үйрену түгелдей бір институт. Қаныш Имантайұлы Сәтбаев (12 сәуір 1899 жылы, Баянауыл ауданы, Павлодар облысы - 31 қаңтар, 1964 жылы, Мәскеу) - геолог ғалым, минерология ғылымдарының докторы, профессор, академик. Қазақ КСР Ғылым академиясын ұйымдастырушы және оның тұңғыш президенті, Қазақ КСР академиясының академигі, Кеңес Одағының және Қазақстанның металлогения мектебінің негізін қалаушы, қазақтан шыққан тұңғыш академик. Имантай бидің отбасында дүниеге келді. Нәрестеге - Ғабдул-Ғани деген есім берілді. Сауатын ауыл молдасынан ашқан болашақ ғалым Павлодардағы орыс-қазақ мектебінде, Семей мұғалімдер семинариясында, Томск технология институтының тау-кен факультетінде білім алған.
   1947 жылы - Англияға сапар жасаған кеңес парламентарийінің ішіндегі қазақ ғалымына Ұлыбританияның экс премьер-министрі У.Черчилль қалжыңдап: «Барлық қазақтар сіз сияқты сұңғақ, батыр тұлғалы ма?» деп сұрапты. Сонда академик Қ.Сәтбаев: «О, жоқ, Черчилль мырза, қазақтардың ішіндегі ең кішісі мен, менің халқым менен де биік» деп жауап беріпті.
   Сәтбаевтың геологиядан басқа ғылымдарда, мәдениет саласында, тарихта қалдырған еңбектері мол. Ш.Уәлиханов жазып алған «Едіге» жырының мәтініндегі қазақ оқырмандарына түсініксіз араб, татар сөздерінен тазартып, қазақ тілінің жаңа орфографиясының негізінде қайтадан дайындаған.
   Қазақ КСР Ғылым академиясының ұйымдастыру жұмысына басшы болып, оның ісіне бел шеше араласуы ұлыларға тән көрегендіктің белгісі еді. Ертіс-Қарағанды каналының салынуына, біраз ғылыми-зерттеу институттарының ашылуына тікелей араласып, зор еңбек сіңірді.
   Қаныштың анасы Әлима (1862-1904жж) Қаныш әлі беске де толмай тұрып қайтыс болды. Анасы қайтыс болғаннан кейін ол әкесінің бәйбішесі мейірімді Нұрымның аналық махаббатына бөленді.
   Қаныш бойындағы ұлтжандылық қасиет, саясаттың құлы емес, Алаштың ұлы боп қалыптасуы «ең алдымен мен қазақ ғалымымын» деп шетел оқымыстылары алдында қасқайып тұрған ер мінезі. «Қазақ Ғылым Академиясының бас корпусынан қазақтар кіріп, шығып жату керек» деп айтқан батырлығы, барлық ғылымдағы ұлт жетістіктері мен табыстарын ұлтына арналған, халқына деген шексіз сүйіспеншілік кімнің тәлімі?
   Жас жігіттің негізгі мамандық таңдауына Томск университетінің профессоры Михаил Антонович Усовтың ықпалы зор болды. Ол 1921 жылы Баянауылға, қымыз ішіп емделуге Қаныш Имантайұлының туған ауылына келіп жатқан болатын. Жас сот жігіт оған мынадай әсер қалдырған болатын: «... өте қызық жас жігіт! Сауатты, орыс тілінде еркін сөйлейді. Ойлы, бірде-бір артық сөзі жоқ. Дегенмен оның сот екендігі миға сиғысыз еді. Жап-жас... Заңгерлік білім алдыңғы қатардағы Еуропаның өзінде мұндай қызметке жас жігітті қою неғайбіл еді...»
   Тынымсыз еңбек пен үздіксіз дайындықтың әсерінен және Томскінің суық та сыз климатына үйренбеген Қаныш өкпе ауруына шалдықты. Оның жазылып кетуіне үміт жоқ деп табылды. Жанашыр профессор М.А.Усовтың талап етілуімен Қаныш ауылына жіберіліп, Баянауылдың құрғақ та, жылы климаты, шипалы қымыз бен құнарлы тамақ дертіне шипа болар деген үміт болды. Отбасында Қанышты аяғына тік тұрғызу үшін барлық мүмкіндік жасалды. Соның әсерінен құбыжық дерт бірте-бірте азая бастады.
   Қ.И.Сәтбаевтың әрбір жасаған ісі күреспен қатар жүрді. Мұнда Сәтбаевтың жан-жақты білімі, ақылы, эрудициясы мен таланты ғана емес, сонымен қатар оның азаматтық батылдығы, руханиаты, адамгершілігі мен парасаттылығы шешуші роль атқарды. Оның шабыты мен сарқылмас энергиясының қайнар көзі туған халқына және қазақ даласына деген шексіз сүйіспеншілігі деп санаймыз. Ал халқы оның білімі мен еңбектерін жоғары бағалады. Көзі тірісінде біздің Қаныш – данышпан деп аталды.
   Сарсенбекова Г.Ә. : - Міне, қандай ұлы тұлға! Қазақ ССР Ғылым Академиясының тұңғыш басшысы. Құрметті біздің студенттер, сіздер білесіздер ме, ғылым қызметкерлерінің күні қай күн болып белгіленді? 12 сәуір – Ғылым күні, яғни осы Қаныш Имнатайұлы Сәтбаев туылған күн! Осыған орай 2011 жылы осы күн қызметкерлер күні деп бекітілген.
   Кеш жастардың тақырыптық әдеби-музыкалық композициясымен жалғасты: 2курс ТПП Құрманғали Индира «Қазақстан» атты әнін арнады; 3курс СМС Өтешова Аяжан мен 1 курс Қалиева Ақбота «Туған елім» атты әнін орындады; 2 курс ТПП Исатай Бақытгүл, 1 курс Берікқожа Камила Қаныш Сәтбаев туралы өлең оқыды.
Сәрсенов Алтынбек сұрақ қойды:
-Қаныш Сәтбаевтың қандай кітабын оқуға кеңес бересіз?
Өмірбеков А.Ә. : Шәмшиябану Сәтбаеваның «Ұрпақ сыры» атты кітабын оқуға кеңес берер едім.
2 курс ТПП студенті Миятбек Венера: Қаныштың қызына Қаныштың сүт анасының атын берді Мейіз деп! Сол туралы толығырақ айтсаңыз!
Өмірбеков А.Ә. : Осыдан 5 жыл бұрын ол кісі қайтыс болды. Профессор, үлкен ғалым еді. Сүт анасы болғаны рас. Расыменде өзінің сүт анасының атына сәйкестендіріп қойғаны рас! Өте орынды сұрақ!
Сарсенбекова Г.Ә. : Сізге үлкен алғысымызды білдіреміз! Алтындай уақытыңызды бөліп келгеніңізге рахмет! Болашақта «Болмасаң да ұқсап бақ», демекші, Қ.Сәтбаевқа қарап бой түзеп өсетін тұлғалар біздің жастардың арасында да көп болады деген үміттеміз! Осыған орай ҚазИТУ университетінің және ғылыми кітапхананың атынан Сізге кішігірім сыйлық!
Өмірбеков А.Ә. : Сіздерге де үлкен рахмет! Болашақта тағы да жүздесерміз деген үміттемін. Студенттерге тілерім ақ жол! Және менің атымнан ҚазИТУ ғылыми кітапханасына Шәмшиябану Сәтбаеваның «Ұрпақ сыры», М.М. Бәкенов пен А.Ә.Өмірбековтың «Сәтбаевтану» және Қаныш Сәтбаевтың «Өнегелі өмір» атты кітаптарын сыйға тартамын!
   «Ұлы тұлға» жобасының жастарымызды «Мәңгілік ЕЛ» құндылықтарына тәрбиелеуде алатын орны үлкен болатынына сеніміміз мол!