Главная Новости Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Рухани жаңғыру: жастар әлеуеті және бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
22 November, 2017                  318679
Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде «Рухани жаңғыру: жастар әлеуеті және бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті
   2017 жылдың 22-қарашасында Алматы қаласында Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі Басқарма, Бостандық ауданы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық фидиалының қолдауымен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында «Рухани жаңғыру: жастар әлеуеті және бағдарламаны жүзеге асыру мәселелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
   Конференцияға Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Мемлекеттік тілге - құрмет» бірлестігінің төрайымы, Қазақстан Халықтар Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман, Қазақстан Республикасының Ұлттық Ғылым Академиясының ғалымдары, Алматы қаласының жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар, студенттер, колледж оқытушылары, мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты.
   Конференция алдында қонақтар ҚазИТУ-дың жетістік көрмесімен танысты. Конференция бағдарламасында пленарлық мәжіліс, секция және дөңгелек үстел жұмысымен қатар жастардың «Менің өлкем», «Тұлға», «Ұлы дала жастары», «Мамандық үздігі-2017» жобаларының тұсаукесері мен «Мәңгілік Ел жастары» атты флеш-моб жоғары деңгейде өтті.
   ҚазИТУ ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Темірбеков Нұрлан Мұқанұлы конференцияны ашты.
   Алматы қаласы жастар саясаты жөніндегі басқарма өкілі А.Сариева, «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалының өкілі Э. Кәрібаев конференцияның ашылу барысында жылы лебіздерін білдірді.
   «Қазақстан аумағындағы қасиетті, киелі орындардың тарихи сананы жаңғыртудағы маңызы және отансүйгіштікке тәрбиелеудегі орны» Қазақ ұлттық аграрлық университетінің кафедра меңгерушісі, доцент Д.Салқынбек, «Жастарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тәрбиелеуде жоғары мектептің міндеттері туралы» Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің проректоры Г.Ә.Сәрсенбекова баяндама жасады. Г.Сәрсенбекова: «Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында рухани жаңғыру арқылы «Мен еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынымыз және бұқаралық сананы қалай өзгертетініміз туралы көзқарастарымды ортаға салуды жөн көрдім», деп болашаққа деген парасатты пікірлері мен ой-болжамдарын, көзқарастарын білдірді. Жастар – бүгініміз бен болашағымыздың алтын діңгегі. Жалындап тұрған студент жастар оқитын ЖОО үштен бірі шоғырланған Алматы мегаполисінде 2017 жыл - Жастар жылы деп белгіленді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жастар тәрбиесіндегі орны зор. Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасының аясында «Жаһандық бәсекеге біліммен» атты Жоба жасап, іске асыруға ұжым болып бірігіп отыр. Жоба аясында білім алушылардың туған жеріне деген патриоттық сезімін арттыру, басқа мәдениеттерге ашықтық, конфессияаралық келісім, өркениеттілікке ұлттық құндылықтар арқылы жету, политілді білімге, компьютерлік сауаттылыққа, ғылымға құштарлықты арттыру, насихаттау мақсатындағы міндеттерімізді: «Мәдени мұра – халық қазынасы», «Менің өлкем», «Ғылыми ізденіс», «Туған жерге туыңды тік», «Дарынды жастың дара жолы», «Білім. Ғылым. Инновация.» атты мақсатты тақырыптарға біріктірдік. Тәрбие жұмыстарын жүргізудің бір бағыты «құрдас-құрдасқа» немесе «баланың тілін бала түсінеді», демекші «тең-теңіне» принципіне сүйене отырып, студенттік өзін-өзі басқару институтын күшейту, сол арқылы жастардың әлеуметтенуіне көмектесуді басты орынға қойдық. Жоғарыда аталған жобалардың мақсаты, ең алдымен жастардың өзін ұйымдастыра отырып, қоғам уақыт талабымен бірге қойып отырған өзекті мәселелерге өз күштерін жұмылдыра білу болып табылады. Қазіргі қоғамға, жұмыс берушіге адамшылығы мол, елжанды, креативті, белсенді өмірлік ұстанымы бар, көшбасшылық қасиетке ие, сыни ойлауға қабілетті мамандар қажет», деп айтып өтті.
   Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚХА мүшесі, «Мемлекеттік тілге - құрмет» бірлестігінің төрайымы, конференция қонағы Осман Асылы Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі тілдің рөлі мен маңызы және латын әліпбиіне көшу жөнінде кең тоқталып: « Ұлттың жаны, рухының үні, ең қымбат дүниесінің алтын қоймасы – тілі. Жастарға айтарым: Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек. Біз бәріміз қазақ тілінің құдіреттілігін, қазақ тілінің әуезділігін, байлығын, шұрайлылығын елге жеткізіп айта білуіміз керек. Қазақ тілі – жүрек, өзге тілдер оған тірек. Тіл халықтың жан дүниесі, рухани дүние», деп сөзін қорытындылады.
   Бостандық ауданы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Б.Х.Біржанов Жастарды тәрбиелеудегі Ардагерлер кеңесінің рөлі жайында атап өтті. Өз сөзінде: «Ең бірінші мәселе – жастардың оқып білім ала отырып, Елбасы ұсынған Стратегия-2050 бағдарламасын жүзеге асырып, әлемдегі озық 30 елдің қатарына қосылу. Елбасының «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласын жастарға насихаттауда Ардагерлер кеңесінің рөлі зор».
   Конференция жұмысына Рухани жаңғыру аясында әлеуметтік-патриоттық руxта тәрбиелеу мәселелерін ортаға салатын жастардан өтініш көп түскен болатын. Алматы қаласы жоғары оқу орындарының Жастар Ұйымдары Комитетінің төрағалары, «Жас Отан» жастар қанатының Бостандық аудандық филиалының төрағасы Б.Дүйсебаев, оқушылардың "Жас Ұлан" өзін-өзі басқару ұйымдарының басшылары қатысып, аталмыш шараның жұмысына белсенді қатысты. Сонымен қатар, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих кафедрасының доценті, т.ғ.к. Л.М.Хасанаева «ХХ ғасыр басындағы ұлттық элитаның идеялық күресінің саяси аспектілері» тақырыбында, магистрант-студенттер арасынан Е.Богатикова «Бәсекеге қабілетті жастар – болашақтың кепілі» (ҚазИТУ магистранты), Ж.Шегебаева «Рухы күшті тұлға – «Рухани жаңғыру» негізі» (ҚазИТУ студенті), А.С.Жақсылықова «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының тарихи маңызы» (ҚазҰУ студенті), Е.Асылжанқызы «Культ знания – основа идеи «Рухани жаңғыру»» (ҚазИТУ студенті) баяндама жасады. Пленарлық мәжілісті ҚазИТУ-дың 2 курс студенті Дәулеткелді Тұрар «Ұлттық бірегейлікті сақтау – «Рухани жаңғырудың» басты бағыты» баяндамасында: «Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын маңызды саяси идеологиялық құжат деп айтуға болады. Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдықпен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әбден сіңісті болып қалған таптаурын қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет» деп, сөз соңын ақын Серік Сейітман ағамыздың өлең жолдарымен аяқтады:

   Шыңға биік Ел көз тіксе асқарлы,
   Шайыр жазбай кім жазады дастанды?!
   Сүйінші,Алаш!
   Тарихыңда толғаулы
   Рух жаңғырар жаңа дәуір басталды!
   Бұл жаңғыру-Туған жерді түлету,
   Ен даланың кең құшағын гүл ету.
   Шығыс,Батыс,Оңтүстік пен Солтүстік-Бар қазақтың
   арман-жырын бір ету.
   Асуды асып Қазақстан-ардағым,
   Аспанменен астасып тұр арманым.
   Ер бастады! Ел қостады!
   Жарылқа!Тәңір ием,Туған Елдің Бағдарын!
   Конференция соңында ҚазИТУ студенттерінің орындауындағы патриоттық ән шырқалды.
   Конференцияның пленарлық мәжілісне 300-ден астам жастар қатысты. Секция және дөңгелек үстел жұмысына 50-ден астам студент, оқушылар қатысып, 25 баяндама тыңдалды.