Главная Новости Елбасы жолдауы-жаңа мүмкіндіктер бастауы
14 март, 2018                  318698
Елбасы жолдауы-жаңа мүмкіндіктер бастауы
Қазақстан инженерлік технологиялық университетінде 2018 жылдың 14 наурызында Алматы қаласының Білім басқармасы мен «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалының қолдауымен Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауы, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға арналған «Елбасы жолдауы – жаңа мүмкіндіктер бастауы» атты пікір-алмасу ашық алаңы жұмыс жасады.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқына «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты жолдауында: «Ұлттың әлеуетін арттыру үшін мәдениетіміз бен идеологиямызды одан әрі дамытуымыз керек. «Рухани жаңғырудың» мән-маңызы да нақ осында. Өзінің тарихын, тілін, мәдениетін білетін, сондай-ақ заманына лайық, шет тілдерін меңгерген, озық әрі жаһандық көзқарасы бар қазақстандық біздің қоғамымыздың идеалына айналуға тиіс», деді.

Пікір алмасу ашық алаңы жұмысына 400-ге жуық адам қатысты: үгіт-насихат тобының мүшелері, ғалымдар, қоғам, спорт, өнер қайртакерлері, жұмыс берушілер, мектеп басшылары, магистранттар, студенттер, колледж оқытушылары мен оқушылары.

Ашық алаң бағдарламасы бойынша пленарлық мәжілісті ҚазИТУ ректоры, профессор Н.М. Темірбеков кіріспе сөзбен ашты. Келесі кезекте «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» жайында «Нұр Отан» партиясы Бостандық ауданы филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б.М. Жамбылов сөйледі. Пленарлық мәжілісте негізгі баяндаманы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің проректоры Гүлнар Әлібекқызы Сәрсенбекова «Тәрбиенің өркениетке бастар бастауы» тақырыпта жасады. Г. Сәрсенбекова: «Рухани мәдениетіміз - тәрбиенің негізі. Н. Назарбаев «Абайдың даналығы, Әуезовтің ғұламалығы, Жамбылдың жырлары мен Құрманғазының күйлері, ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні – бұлар біздің рухани мәдениетіміздің бір парасы ғана», деді. Әр уақыттың тәрбиеге арқау болған өзіндік идеялары мен қағидалары болған.

Тәрбие арқылы келетін адамның “Мен” дегізерлік келбетінің жарқын көрінісін Абай әрбір адамның өзіне сын көзбен қарауынан көрді және алдына мақсат қоюда “Адам бол” қағидасын ұсынды. Абайдағы адамның қоғамдық келбеті мен тұлғалық қасиеттерінің үндесуі – тәрбиенің жаңа бір бағытын айшықтай түсті десек қателеспеспіз.

Абай адамшылықтың алды – ұят деп көрсетеді. Шын мәнінде халқымыздың «Ұят» ұғымының мән-мағынасы басқа бір де бір халыққа ұқсамайтын, өзгеше құбылыс. Адамдықтың өлшемі – ұят түсініктерімен ержеткен ұл, бойжеткен қыз үшін бұдан артық өмір сүру ережесі болмас.

“Ұл тәрбиелесек – жердің иесін, қыз тәрбиелесек – ЕЛДІҢ ИЕСІН тәрбиелейміз” – деген ұлағатты сөздің мән-мағынасына назар аударсақ, Елдің елеулі де тәрбиелі болуы табиғаттың асылы саналатын қыздың еншісінде екені түсінікті», дей отырып болашақ ел Анасы – қыздардың тәрбиесіне жан-жақты тоқталып, ғылыми тұрғыдан маңызын ашты.

Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Бостандық ауданы филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес хатшысы А.А. Сюй-Мин, жұмыс берушілер өкілі, қант, тағам және өңдеу өндірісі қауымдастығының вице-президенті И.В. Митрофанова, академқалашықта орналасқан ғылыми-зерттеу институттарының өкілі, академик У. Ч. Чоманов, оқытудағы инновациялық бағдарламалар туралы Т.М. Амреева, «Колледж білімі-болашаққа сеніммен» атты ойымен студент Б. Сатайқызы бөлісті.

Ашық алаң жұмысы «Рухани жаңғыру» офисі ұйымдастырған «Тұлға» жобасының А. Байтұрсыновқа арналған кезекті мастер класымен, «Альпинизм» жобасы, үш тілді шығармашылық «Менің университетім», технологтар арасындағы «Мамандық үздігі -2018» студенттік байқауларының финалымен жалғасын тапты.

Ашық алаңда ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясындағы «Тұлға» атты университеттік жобаның алғашқы іс-шарасы бойынша жасалынған «Тағылымы мол тұлға» деген атпен ғалым, мемлекет қайраткері Қаныш Сәтбаевқа арналған бірінші жинақтың тұсаукесері өткізілді.

Ашық алаң қонақтары-Алматы қаласы мектеп басшылары атынан № 125 мектеп директоры Яхьярова Қалима Жанатқызы алған әсерімен бөлісті: «Әл-Фараби бабамыз «Тәрбиесіз берілген білім-адамзаттың қас жауы» дегендей, бүгінгі ашық алаң жұмысы Рухани жаңғыру бағдарламасы мақсатын көздеген, ғылыми-танымдық, тәрбиелік мәні өте зор шара болды. Пленарлық мәжілістегі баяндамалар, пікірлер, «Тұлға» жобасы бойынша өткен мастер класс, студенттік жобалар, байқаулардың деңгейі мен студенттердің өзін-өзі басқаруы өте жоғары екен. Маған үлкен әсер берген жайт: студенттердің болашаққа деген үлкен сенімі, таңдаған мамандықтары мен Отанына деген сүйіспеншілігі жалындап тұр. Менің ұсынысым: алдағы уақытта ҚазИТУ ұжымымен бірлесе жұмыс жасап, тәжірибе алмасып, жастардың болашағына азық болатын осындай шараларды бірлесе өткізсек, нұр үстіне нұр болады деп ойлаймын. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған Ашық алаң жұмысының жалғасын таба беруіне тілектеспін».

Ашық алаң студент жастардың дайындаған музыкалық шығармашылығымен аяқталды.