Главная Новости «Зерде-ҚазИТУ – 2018» республикалық пәндік олимпиадасы
06 наурыз, 2018                  318862
«Зерде-ҚазИТУ – 2018» республикалық пәндік олимпиадасы
2 наурыз 2018 жылы Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті ұйымдастыруымен мектеп бітіруші оқушылар арасында «Зерде-ҚазИТУ – 2018» республикалық пәндік олимпиадасы өтті.

Байқау мектеп түлектеріне грант ұтып алып және тегін білім алуға мүмкіндік береді, сонымен қатар қабілетті де дарынды 11-сынып оқушыларын қолдау мақсатында ұйымдастырылып отыр.

Олимпиада облыстық білім басқармаларымен, аудандық білім бөлімдерімен бірлесе отырып, Алматы облысы бойынша Алматы, Талдықорған, Жаркент қалаларында, Жамбыл облысы бойынша Тараз қаласында, Оңтүстік Қазақстан облысының Шымкент, Түркістан қалаларында, Қызылорда облысы бойынша Қызылорда қаласы, Қазалы, Жаңақорған, Қармақшы аудандарында, Атырау облысы бойынша Атырау қаласында өтті. «Зерде-ҚазИТУ – 2018» олимпиадасына 2300-ден аса мектеп түлектері қатысты.

Олимпиада 6 пән бойынша өтті: математика, физика, химия, биология, география және ағылшын тілі. Олимпиада тапсырмаларын орындаудың ең жоғары көрсеткіші – 160 балл.

Алматы қаласы бойынша өткен білім сынағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің Бас оқу ғимаратында өткізілді. Оған шамамен 200-дей мектеп бітіруші 11-сынып оқушылары қатысып, бағын сынады. Республикалық олимпиаданы ресми түрде оқу орнының Бірінші проректор – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Әділет Тойбаев ашып, оқу орнының тыныс-тіршілігі және жеткен жетістіктерімен, сонымен қатар, оқу орнының қосдипломды білім беру бағдарламасымен таныстырып өтті.

– «Қазіргі таңда университет Кастамону университетімен (Түркия) және АҚШ-тағы Миссисипи мемлекеттік университетімен қосдипломдық оқу бағдарламасын іске асырып отыр, яғни аталған бағдарлама бойынша білім алған студенттер екі жоғары оқу орнының дипломын ала алады», - деп атап өтті Әділет Тойбаев және оған түсу үшін қойылатын шарттармен таныстырды.

Олимпиадаға қатысуға ниет білдірген оқушылар ҚазИТУ-дың ресми сайтында белгіленген үлгіде онлайн режимінде тіркелді, сонымен қатар мәліметтермен толық танысты (www.kazetu.kz).

Олимпиада екі кезеңде өтеді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер сәуір айында анықталып, марапатталады. 2 және 3 орын дипломдарымен марапатталған қатысушылар олимпиада жеңімпаздары болып саналады. Олимпиадада жоғары нәтижеге қол жеткізген қатысушылар ҚазИТУ-ға оқуға түсуіне болады. Олимпиаданың әр пәнінен 1, 2, 3 орынды иеленген оқушылар таңдаған пәні мамандығына сай келген және ҰБТ нәтижесі бойынша қажетті өту балын алған жағдайда оқу ақысына 90% жеңілдік беретін дипломдармен марапатталады. Белгіленген өту балын жинаған қатысушылар ҚазИТУ-да оқу төлемақысына жеңілдік беретін сертификаттармен марапатталады. Бұл сертификаттар оқу орнына бірінші кезекте қабылдануға құқық береді.