Главная Новости ТҰҒЫРЫ БИІК –ТӘУЕЛСІЗДІК!
11 декабря, 2018 г.                  318670
ТҰҒЫРЫ БИІК –ТӘУЕЛСІЗДІК!

Егеменді қазақ деген елім бар,
Көк байрағы желбіреген жерім бар.
Жеттік міне тәуелсіздік шыңына,
Біз жастарда болашаққа сенім бар!
Тәуелсіздік - тәтті үміті қазағымның,
Тәуелсіздік- толқытар санамды мың.
Тәуелсіз елде өсіп туғаныма,
Расымен, мен өте бақыттымын!
Бүгін міне ерекше күн берекелі
Құтты болсын тәуелсіздік мерекесі
Әр қазақтың жүрегінде лапылдаған,
Берік болсын еліміздің керегесі!

Бұл өлең жолдары Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің студенті Сүндетова Аяужанның Тәуелсіздік мерекесіне арнаған өлең жолдарынан үзінді.

27 жыл бұрын ғасырлар бойы армандаған азат күннің көк байрағы желбіреген сағынышқа толы күн. Тәуелсіздік – ең алдымен Қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Айтулы мерекеге орай ҚазИТУ-да Жастар ұйымдары комитетінің ұйымдастыруымен мерекелік концерт өтті. Жоғары деңгейде өткен мерекелік концертті оқытушы-профессорлар құрамы, студенттер және арнайы қонаққа келген «Түркістан» халықарлық газетінің ұжымы тамашалады.

Концерт шымылдығы студенттердің театрлық клуб мүшелері 1- курс студенттері Кыняз Азамат, Қабдыбекова Аружан, Мустахим Мөлдір,Құрман Маржан, Төрехан Сымбат, Шарапат Балжан, Картенбаев Асет Жасұзақ Ернар, Сүндетова Аяужан, Шыңғысбек Балымай қатысқан «Желтоқсан алаңы» көрінісімен ашылды. Ащы термен келген тәтті жеңісті, Тәуелсіздік жолында күрескен азаматтардың сол кездегі жай-күйін әсерлі жеткізген студенттердің қойылымын тамашалған көрермендердің көңілі босап, көздеріне жас келді.

Салтанатты бөлімнің алғашқы құттықтау сөзі ҚазИТУ оқу-тәрбие жөніндегі проректоры Г.Ә.Сарсенбековаға берілді. Г.Әлібекқызы қонақтар мен барша ҚазИТУ ұжымын Ұлы дала елінің ұлық мерекесі – Тәуелсіздіктің 27 жылдығымен құттықтап, студенттерге зор үміт артатынын, ең бастысы білім мен білікті қару етіп, ел болашағына үлес қосар дарынды жастар болуға шақырды.Осынау мәртебесі биік, ардақты да аяулы мереке қарсаңында университетімізге қонақ болып келген «Түркістан» халықаралық газетінің бас редакторы Шағатай Жәнібек аға да ыстық лебізін білдірді.

Бұдан әрі іс – шара Жастар комитетінің белсенділікпен бас қоса дайындаған концерттік бағдарламасымен жалғасты. 3-курс студенті Аида Сүлейменова орындаған «Земля Казахстана», Сұран Айым әуелете шырқаған «Атамекен» әні, құрамында С.Алпамысова, А.Қабдыбекова, А.Бердіханқызы, А.Заркынова өнер көрсететін «Шабыт» би тобының «Қазақ биі» жиналған жұртқа керемет көңіл-күй сыйлай білді. Шұбай Сұлтанбарыстың домбырасынан төгілген күмбір күйі көрермен толы залдың делебесін қоздырды. Кәсіби маман Манарбек Жалимбетов дайындаған ҚазИТУ хор-вокал студиясының өнерлі студенттері Д.Өтепберген, Т.Жомартқызы, А.Картенбаев, Б.Шарапат, Н.Абдуллаев, А.Мырзатай, М.Багланбаева шырқаған финалдық ән рухты көтеріп, патриоттық сезімді арттырды.

Ел мерейін үстем еткен айтулы мереке ҚазИТУ-да осылайша жоғары дәрежеде ұлықталды.

Студенттік баспасөз қызметі