Главная Новости ҚазИТУ-да Наурыз мерекесі тойланды
24 сәуір, 2018                  318683
ҚазИТУ-да Наурыз мерекесі тойланды
Наурыз тойлап ҚазИТУ-дың жалынды бұл жастары,
Ән-би арнап көрерменге ізгі жолды бастады.
Көтеріңкі көңіл сыйлап, құрметпенен баршаға
Ашық болсын деп тілейді еліміздің аспаны!

Бұл жыр жолдары Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде өткен Наурыз мерекесінде жыр болып шашылды. Береке - бірлікті, ынтымақты тірлікті, жақсылықты, мейір - шапағатты, кең пейілді, бақ-берекені, көктемнің жылу шуағын өзімен бірге ала келетін Наурыз ҚазИТУ-да тойланып, баршаға қуаныш пен мереке сыйлады. Күн мен түн теңелетін, халықтың ауызы аққа толатын, малдың ауызы көкке кенелетін шақта тойланатын мерекені ҚазИТУ ұжымы сән-салтанатымен өткізді. Айтулы мереке университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, қызметкерлер, Жастар Ұйымдары Комитеті мен студенттердің бір кісідей ат салысуымен жоғары деңгейде өтті. Мерекеге еңбек және соғыс ардагерлері, Академқалашықта орналасқан барлық ғылыми-зерттеу институттарының ғалымдары, Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасы, Бостандық аудандық ішкі саясат бөлімі, «Рухани жаңғыру» Алматы қаласының офисінің өкілдері, Алматы қаласының ЖОО жастарының басын біріктірген G-38 мүшелері, «Зерде-ҚазИТУ» олимпиадасының жүлдегерлері, ата-аналар, т.б. қонақтар қатысуымен өтті.

Мерекенің шымылдығы университетімізідің биші қыздарынан құралған «Шабыт» би тобының «Шашу» әсем биімен ашылды. ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бағыттарды өзек етіп Ұлы дала дәстүрін, ұлттық рухымызды және Астанамыздың 20 жылдығын жұртшылық назарына паш етуді мақсат еткен өнерлі студенттердің театрлық клубының дайындаған музыкалық сахналанған қойылыммен мерекеміз жалғасын тапты. Өнерлі студенттер Күн мен Түннің теңеліп, жер дүниенің жаңаруын бейнелейтін сахналық көріністі көрсетіп, Біржан Сал, Қыз Жібек, Төлеген, Шеге сияқты образдарға еніп, Жер Ана мен Қыдыр Атаның ыстық лебіз, баталарын алып, Тәуелсіз Қазақстанда еркін өсіп келе жатқандарын жеткізіп, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Колледж студенттік парламенті 100 студенттің басын біріктіріп, ұйымдаса билеген қазақ биі «Қара жорға» келген жұрттың делебесін қоздырып, тамаша көңіл күй сыйлады.

Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Темирбеков Нұрлан Мұқанұлы және мерекенің қадірлі қонағы Екі мәрте Кеңестер Одағының батыры, ұшқыш, авиация генералы, қазақтың текті қыраны Талғат Бигелдиновтың үйіндегі апамыз Орындыбике апай барша жиналған жұртшылықты Наурыз мерекесімен құттықтап, жылы лебіздерін білдірді. Наурыз мерекесі Республикамыздың 11 аумағын қамтып, 2300-ден астам оқушылардың басын қосқан «Зерде-ҚазИТУ – 2018» пәндік олимпиадасының жеңімпаздарын салтанатты түрде марпаттау рәсімімен жалғасын тапты. Қазақстанның әр облысынан келген жеңімпаз мектеп түлектері марапатталды. Наурыз мерекесінде оқушылар жоғары білім алуға зор мүмкіндік туғызып отырған елімен мақтанатындықтарын жеткізіп, зор қуанышқа бөленді.

Наурыз тойына қонақ ретінде әннен шашуын арқалай келген Қазақстан эстардасының жұлдызы, әнші Жігер Ауыпбаев және ҚазИТУ өнерлі жастары жұртшылық көңілін әсем сазды әнге, биге бөледі. Ескі оқу ғимаратының алаңында ұлттық нақышта киіз үйлер тігіліп халқымыздың ұлттық бұйымдары және киімдерімен безендірілді. ҚазИТУ ұжымы мен барша қонақтар Наурыз көжеден дәм татты. Қонақтар мен оқытушыларға, студенттерге арнайы жайылған ақ дастархан басында ұлттық әндер шырқалды. Алтыбақан теуіп, шаттықтан жүзері жайнаған жастардың көңіл –күйі ерекше. «Арқан тартыс», «Қол күрес», «Батпан көтеру» сияқты қазақтың ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, жеңіске жеткен студенттер мақтау қағазымен, сыйлықтармен марапатталды.