Главная Новости “Студенттік қатарға қабылдау» салтанатты шарасы өтті.”
11 қазан 2019                  318723
“Студенттік қатарға қабылдау» салтанатты шарасы өтті.”

    2019 жылдың 10 қазанында ҚазИТУ-да жаңа оқу жылының жарқын оқиғасы бірінші курс студенттерін «Студенттік қатарға қабылдау» салтанатты шарасы өтті. Қиялдарын қанаттарына байлап, армандарын арқалап келген жас түлектер өмір кітабының «студенттік кезең» атты ақ парақтарын ашты. Университетіміздің оқу ғимаратының алаңында студенттер керемет кештің куәсі болды. Ауқымды студенттік мереке университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, ата-аналар, қонақтар және студенттердің қатысуымен өтті. Салатантты шараның шымылдығы Жастар ұйымдары комитеті мен студенттердің «Шабыт» би клубының ұйымдастыруымен қойылған алғашқы студенттік вальспен ашылды. 50-ге жуық студент жұптаса билеген студенттік вальс салтанаттың сәніне айналып, қонақтардың көңілінен шықты. Қабылдау кешінде ҚазИТУ ректоры Г.А.Сарсенбекова салтанатты шараның алғашқы құттықтау сөзінде студенттерді ҚазИТУ студенті атануымен құттықтап, университет жайлы, жеткен жетістіктері мен болашақтағы жоспарлары туралы қысқаша сөз етті. Биылғы 2019-2020 оқу жылында 2000-нан астам арманшыл жас ҚазИТУ студенті атанды. ҚазИТУ студенттер қатары мемлекеттік білім грант иегерлері, «Алтын белгі» иегерлері, республикалық «ҚазИТУ-Зерде-2019» олимпиадасының жеңімпаздары, мен республикалық шығармашалық, спорттық жарыстардың жеңімпазарымен толықты. Дәстүр бойынша бірінші курс студенттеріне салтанатты түрде білімнің алтын кілті мен кітабы табысталды. Салтанатты қабылдап алу құрметіне «Қаржы» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті, «Алтын белгі» иегері, бокстан халықаралық жарыстардың 6 дүркін чемпионы, спорт шеберлігіне үміткер Міркен Рауан және «Есептеу техникасы және бағдарламалық қамтамасыз ету» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті, мемлекеттік грант және алтын белгі иегері, республикалық ғылыми жобалардың жеңімпазы Қабдоллаева Толғанай, «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті, мемлекеттік грант және алтын белгі иегері, облыстық пәндер олимпиадасының жүлдегері Уразбаева Мируерт және «Топырақтану және Агрохимия» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті, Мемлекеттік грант және алтын белгі иегері Есеркенова Сабина ие болды. Мерекелік шарада студенттер университет пен ел игілігі үшін бетке ұстар азамат болуға, оның абыройын асқақтатуға, бәсекеге қабілетті маман болуға ант беріп, «Gaudeamuse» студенттер әнұранын хормен шырқады.

Студенттік баспасөз қызметі