Главная Новости «Колледж Аруы-2021» байқауы өтті
26 ақпан 2021                  318992
«Колледж Аруы-2021» байқауы өтті

Қыз қашанда қылығымен көрікті. Осыған орай, 2021 жылдың 26 ақпан күні ҚазИТУ колледжінің жыл сайынғы дәстүріне айналған,  көктемнің алғашқы шуақты күнімен құлпырған арулар арасында «Колледж Аруы-2021» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты – қатысушы аруларды ізгілікке, еңбекқорлыққа, жауапкершілікке баулу. Байқау ұйымдастырушылары колледж әкімшілігі және Жастар ісі комитеті, Таланаттар лигасы жастар ұйымы.

Сұлу да сымбатты, білімді де өнерлі, ұлтымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін жетік білетін арулар сайысы 4 кезеңнен тұрды.

Арулар сайысына қазылар алқасының құрамында колледж директоры Шалабаева Майра Хусаинқызы және Қазақстан Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты, Тәуелсіздіктің 25 жылдық медалімен марапатталған, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Ұлттық академиялық драма театрының актёры Чаяхметов Алмас Муратбекович, әнші, блогер, ҚазИТУ колледжінің түлегі, 2019 жылы өткен ҚазИТУ Аруы байқауының «Көрермен көзайымы» номинациясының иегері Миран Нурсауле Махмутқызы төрелік етті.

Төрт түрлі сайысты онлайн түрде тамашалаған ҚазИТУ колледжінің студенттері мен кеш қонақтары қазақ қыздарының өнерлеріне дән риза болды.  Бар шеберліктерін салып өнер көрсеткен арулар сұлулылығы мен сымбаттылығы, ақылдылығы, инабаттылығы, өзін-өзі ұстай білуі, өнері, ән айту, би билеу, мәнерлеп оқу, білім деңгейлеріне қарап бағаланды. «Колледж Аруы» атанамын деп келген қыздардың білімділігімен қатар тапқырлығы да сынға түсті. Қазылар алқасы сайыскерлерді қатал сынап, әділ шешім жасауға тырысты.

Тартысты сайыстың нәтижесінде барлық талапқа сай болған «ЕТжБҚЕ» мамандығының  1-курс студенті Иемберген Аяулым «Колледж Аруы-2021» атанды. «Туризм» мамандығының 1-курс студенті Тұрсынбаева Меруерт «Колледждің вице-аруы 2021» атанып, «ТМКӨТжОҰ» мамандығының 1-курс студенті Рашид Анеля «Өнерлі ару» және «Туризм» мамандығының 1-курс студенті Тойчубек Сабина «Парасатты ару», «ТМКӨТжОҰ» мамандығының 1-курс студенті Сабырғали Толқын «Кербез ару» номинациясына ие болды.

Жеңімпаздарды құттықтау рәсімінде ҚазИТУ колледжінің директоры Шалабаева Майра Хусаинқызы «Колледж Аруы-2021» атанған аруымызды байқауға арнайы дайындалған тәжімен, колледждің 10 000 теңге сертификатымен және «Колледж Аруы-2021» дипломымен марапаттап, байқауға қатысушы аруларға арнайы сыйлықтар мен дипломдарды табыстады.

Колледж басшылығының қолдауымен өткен сайыс, жыл сайын жалғасын таппақ.