Главная Новости ҚазИТУ-да Әз Наурыз мейрамы тойланды
24 сәуір, 2017                  318691
ҚазИТУ-да Әз Наурыз мейрамы тойланды
ҚазИТУ-да Әз Наурыз мейрамы тойланды. Қазақстан инженерлік- технологиялық университетінде күлімдеген көктеммен қатар келетін Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мейрамы 22 сәуірде тойланды. Айтулы мереке университет басшылығы, оқытушы-профессорлар құрамы, қызметкерлер, Жастар Ұйымдары Комитеті мен барша магистрант, студенттердің бір кісідей ат салысуымен жоғары деңгейде өтті.

Аталған іс-шараға ҚР еңбек сіңірген әртісі, кино, театр және телевидение актері Бақытжан Әлпейісов, «Қазақ газеттері» редакциясының басшысы, журналист Жұмабек Кенжалин, белгілі ғалым, академик Шоманов Өрісбек, Түрік мемлекеттік университетінің профессоры Иззет Акча қонақ болды. Университет ректоры Темірбеков Нұрлан Мұханұлы мерекені ашып, қонақтар ыстық лебізін білдірді.

ҚР Президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы бағыттарды өзек етіп Ұлы дала дәстүрін, ұлттық рухымызды жұртшылық назарына паш етуді мақсат еткен өнерлі студенттер дайындаған музыкалық сахналанған қойылыммен сахна шымылдығы ашылды. «Туған жер» атты қойылымда студенттер Біржан Сал, Қыз Жібек, Төлеген, Шеге сияқты образдарға еніп, шебер ойнап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Бірлігі жарасқан егемен еліміздің Наурыз мерекесінде университетімізде оқитын әр түрлі ұлт студенттері ұлттық киімдерін киіп, салт-дәстүрін насихаттап, өз тілектерін арнады. Университет ректоры Нұрлан Мұханұлы көпшілікті Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтап, жаңа жыл қарсаңында өткен жылдың есебін шығарып, ҚазИТУ-дың осы күнге дейін жеткен жетістіктерін баяндап,жаңа жылдың белесін бағдарлады. Күн мен түннің теңелер, ақтың молаяр, табиғаттың түрленер шағы Наурызды қарсы алу мерекесін ҚазИТУ ұжымымен бірге тойлаған қадірлі қонақтардың жүрек жарды тілектері ҚазИТУ студенттері Мәди Мырзабек «Аққурай» мен Сұран Айымның орындауындағы «Әриайдай» әнімен жалғасты.

Ескі оқу ғимаратының алаңында ұлттық нақышта киіз үйлер тігіліп халқымыздың ұлттық бұйымдары және киімдерімен безендірілді. ҚазИТУ ұжымы мен барша қонақтар Наурыз көжеден дәм татты. Қонақтар мен оқытушыларға, студенттерге арнайы жайылған ақ дастархан басында ұлттық әндер шырқалды. Алтыбақан теуіп, шаттықтан жүзері жайнаған жастардың көңіл –күйі ерекше. «Арқан тартыс», «Қол күрес», «Батпан көтеру» сияқты қазақтың ұлттық ойындардан жарыс ұйымдастырылып, жеңіске жеткен студенттер мақтау қағазымен, сыйлықтармен марапатталды.

Жатаханада студенттік кеңесі 100 студенттің басын біріктіріп, ұйымдаса билеген қазақ биі «Қара жорға» келген жұрттың делебесін қоздырып, тамаша көңіл күй сыйлады. Әуезді ән, мың бұрала биленген би мен күмбірлеген күй келген жұрттың көңілін көкжиекке көтеріп тастады.

Наурыз тойлап ҚазИТУ-дың жалынды бұл жастары,
Ән-би арнап көрерменге ізгі жолды бастады.
Көтеріңкі көңіл сыйлап, құрметпенен баршаға,
Ашық болсын деп тілейді еліміздің аспаны!