Главная Студентам Студенческие новости Бірінші курс үшін нағыз студенттік жылдар басталды
2 қазан 2023                  450
Бірінші курс үшін нағыз студенттік жылдар басталды

2023 жылы 1 қазан күні Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің биылғы бірінші курс студенттері Есік көліне саяхат жасап, тамаша табиғатта алғаш рет серуендік сағатын өткізді. Бірінші курстың 150-ге жуық студенті ақ қар жамылған Алатауға бет алды. Олардың көпшілігі мұндай көрікті де көркем, сұлу табиғат аясына бірінші рет шығып тұрғандарын жасырмады.

Серуендік сағаттың бағдарламасы өте маңызды да мазмұнды болды: спорттық ойындар, әртүрлі жарыстар ұйымдастырылып, студенттер асық ойнады, би билеп, ән салды. Олар мамандықтары бойынша бірнеше топқа бөлініп, әр топқа ерікті студенттер көмек көрсетті. Ал қазанға піскен өзбек палауы таза ауада бойға сіңімді болды.

Әсем Алатаудың биік қойнауынан орын алған Есік көлінің киелі, тамаша табиғаты серуендік сағат өткізу үшін әдейі таңдап алынды. Жергілікті тұрғындар Есік өзенін Жасыл көл деп атайды. Шынымен де, көл суының түсі ауа райына және күн сәулесінің түсуіне қарай көгілдір тартып, өзгеріп отырады.

Шуақ пен шаттыққа толы осы бір сәтті күннен бастап студенттер алдағы қиындығы мен қызығы мол студенттік жылдарға аяқ басқандай болды. Тамаша табиғат аясында эдвайзерлер, студенттік ұйымдардың өкілдері де бірінші курс студенттерімен пікір алмасып, бұдан әрі бір-бірімен қоян-қолтық араласатын болып келісті. Осындай қызықты да әсерлі жағдайда басталатын қарым-қатынас өмір бойы адамның жадында сақталатыны белгілі.