Главная Новости "Университеттік ғылымды дамыту және инновациялық экономиканы құру негізі ретінде зерттеу ұйымдарымен шоғырландыру"
2 мамыр 2023                  1200
"Университеттік ғылымды дамыту және инновациялық экономиканы құру негізі ретінде зерттеу ұйымдарымен шоғырландыру"

университет базасында Германия, Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан және басқа да алыс-жақын шет елдердің жетекші ғалымдарының қатысуымен "Университеттік ғылымды дамыту және инновациялық экономиканы құру негізі ретінде зерттеу ұйымдарымен шоғырландыру" тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Жиынның ашылу салтанатында Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ректоры, профессор Г. Ә. Сәрсенбекова құттықтау сөз сөйлеп, конференция жаңа инновациялық идеялар, экономиканы дамытудың стратегиялық маңызды бағыттарын іске асыру жөніндегі бірлескен жобалар үшін диалог алаңына айналатынын атап өтті.

Конференцияның пленарлық отырысында Стамбул техникалық университетінің Халықаралық бағдарламалар үйлестірушісі, профессор  Е.И. Велиев,  IT-технология саласындағы университеттердің ғылыми бағытын дамытудың маңыздылығына тоқталып, Халықаралық инженерлік-технологиялық университетпен бірлесіп IT-компанияны ашуға дайын екендігін білдірді.

 

Келесі кезекте Академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинтану институтының бас директоры, т.ғ.д., профессор А.Қ. Төлешов, аграрлық және тамақ өнеркәсібінде зияткерлік мультифункционалды роботтар жасаудағы жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттар арасындағы ынтымақтастыққа баса назар аударды. Сондай-ақ аталған конференцияның өзектілігін Карлсруэ технологиялық институты, Германия Техникалық термодинамика институтының жетекші ғылыми қызметкері Р. Шисль, Ж. Жиембаев атындағы өсімдіктерді қорғау және карантин ҚазҒЗИ басқарма төрағасы Б.Ә. Дүйсембеков ерекше атап өтті. Осы орайда өсімдіктерді қорғау және карантин саласы бойынша Халықаралық инженерлік-технологиялық университетпен ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын ұсынып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланды. Отырыста өзекті тақырыпта бірқатар баяндамалар тыңдалы. Оның ішінде Стамбул техникалық университетінің МВА техникалық it-орталығының директоры, профессор М. Хелвачи, ОШ технологиялық университетінің оқу ісі жөніндегі проректоры У.Ж. Мамытов, Алтай геологиялық-экологиялық институтының директоры Ш.А. Муздыбаева, Генетика және физиология институтының бас директорының орынбасары Э.А. Шаденова, Экономика институты директорының ғылым жөніндегі орынбасары, Г.Ж. Алибекова, Зоология институтының бас директоры, Р. В. Ященко, сондай-ақ жұмыс берушілер, ғалымдары, профессор-оқытушылар құрам және білім алушылар баяндама жасады.

 

Конференция соңы университеттің ғылыми-білім беру орталықтары мен ғылыми-зерттеу институт зертханалары базасында бірлескен ғылыми жобаларды әзірлеу, магистратура және PhD докторантура бойынша ғылыми кадрлар даярлау арқылы университет пен ғылыми-зерттеу институттарының ғылыми қызметін нығайтуға мүмкіндік беретін өзекті және түйінді мәселелерді қамтитын қарар қабылдаумен аяқталды.