Главная Новости ҚАЗИТУ-ДА РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ЖАЛПЫ АДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА БАСТАУЫ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ
21 қараша 2019                  318962
ҚАЗИТУ-ДА РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ: ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРДЫҢ ЖАЛПЫ АДАМЗАТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА БАСТАУЫ» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

«Рухани жаңғыру: ұлттық құндылықтардың жалпы адамзаттық құндылықтарға бастауы. Осындай атаумен 21 қараша 2019 жыл Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Жастар жылы аясында, Ұлы Ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласындағы көрсетілген міндеттерді іске асыру мақсатында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өтті. Жыл сайынғы үрдіс бойынша биылғы жылы үшінші рет өткізіліп отырған конференцияға Бостандық ауданы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қаласы Бостандық аудандық филиалы, Алматы қаласы Рухани Жаңғыру офисі, «Саналы ұрпақ» сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері, әдебиет қайраткерлері және қоғам қайраткерлері, республика бойынша жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылар құрамы, магистранттар мен студенттер қатысты. Конференция бағдарламасында пленарлық мәжіліс және секция жұмыс жасады. Конференция барысында Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылған 100 кітап және Абай Құнанбаевтың шығармашылығына арналған көрме қойылып, Жастар жылы аясында Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай ҚазИТУ студенттерінің «Жеті ниет түрткісі» деп аталатын жобасының тұсаукесері мен «Мамандық үздігі-2019» байқауы жеңімпаздарының қайырымдылық акциясы ұйымдастырылды.


ҚазИТУ ректоры Г.А.Сарсенбекова конференцияны кіріспе сөзімен ашып, «Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласының еліміз мықты, әрі жауапкершілігі жоғары Біртұтас Ұлт болу үшін тәуелсіз Қазақстанның төл тарихындағы ұлттық сананы жаңғыртудағы маңыздылығы мен өркениетті елдер қатарына қосылуда жалпыадамзаттық құндылықтардың орны орасан зор екендігін атап өтті. «Осы бағытта Жастар жылы аясында университетімізде ұлттық құндылықтарды тәрбиенің негізі ете отырып, көптеген іс-шаралар мен жобаларды іске асыруда. Жобалардың мақсаты, ең алдымен жастардың өзін ұйымдастыра отырып, қоғам уақыт талабымен бірге қойып отырған өзекті мәселелерге өз күштерін жұмылдыра білу болып табылады. Қазіргі қоғамға, жұмыс берушіге адамшылығы мол, елжанды, креативті, белсенді өмірлік ұстанымы бар, көшбасшылық қасиетке ие, сыни ойлауға қабілетті жастар ұлт болашағы» - деп болашаққа деген парасатты пікірлері мен ой - болжамдарын, көзқарастарын білдірді.

Одан әрі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚХА мүшесі, «Мемлекеттік тілге - құрмет» бірлестігінің төрайымы, конференция қонағы Осман Асылы Жастарды рухани-адамгершілікке тәрбиелеудегі рухани құндылықтар мен ана тілінің маңыздылығына кеңінен тоқталып: «Ұлттың жаны, рухының үні, ең қымбат дүниесінің алтын қоймасы – тілі. Жастарға айтарым: Білім – әлемдік, тәрбие – ұлттық болуы керек. Біз бәріміз қазақ тілінің құдіреттілігін, қазақ тілінің әуезділігін, байлығын, шұрайлылығын елге жеткізіп айта білуіміз керек. Ұлтының ұлттық құндылықтары мен мемлекеттік тілін қадірлеу – нағыз рухани жаңғыру негізі», деп жастарды қанатты сөздерімен жігерлендірді.

Республикалық жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің «Саналы ұрпақ» жобалық кеңсесінің жетекшісі Қайыржан Тоқышев қоғамдық сананы жаңғыртып, рухани құндылықтарды дәріптеуде, жастардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоғары саналылығын қалыптастырудың маңызын атап, мемлекетіміздің бәсекеге қабілетті болуына және сананың ашықтығын дамыту мен прагматизмге кедергі жасайтын әлеуметтік кесел ретіндегі жемқорлықты жою керектігін баяндады. Осы орайда еліміздің барлық университеттері адалдық пен ізгілік құндылықтар негізінде қабілетті қоғам азаматтарын маман ретінде дайындауға көшуі тиіс деп атап өтті.

«Нұр Отан» партиясы Бостандық аудандық филиалы саяси кеңесінің мүшесі, «Алтын Орда» ЖШС директоры Есимбаев Қайрат Мемлекет басшысының ұлттық кодты сақтап, рухани құндылықтарымызды дәріптеуге бағытталған бастамалары айқындап, "Нұр Отан" партиясының ұлт руханиятын жаңа биікке көтерген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалары мен болашақтағы жоспарларына тоқталды.

Конференция одан әрі бағдарлама бойынша Қазақ ұлттық аграрлық университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Жұман Саят, «Рухани жаңғыру және тарихи сананың қалыптасуын» сөзіне арқау етсе, Қазақ мемлекеттік үздіксіз білім беру университеті философия ғылымдарының докторы, профессор Котошева Кайни Кенжетайқызы, “Рухани жаңғыру бағдарламасындағы әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарына” тоқталды, Сармурзина Галия Алтайқызы, тарих ғылымдарының докторы, профессор “О новом начинании в КазИТУ” тақырыбында баяндама жасады.

Сонымен қатар конференция барысында ҚазИТУ студенттерінің Жастар жылы аясында Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында әзірлеген «ҚазИТУ студенттерінің 7 ниет түрткісі» жобасының тұсаукесері болды. Жоба университет ректоры Г.А.Сарсенбекованың бастамасымен ҚазИТУ студенттерінің дайындауымен іске асқан болатын. Жобаның басты мақсаты Рухани жаңғыру үрдісінің мазмұндық және идеялық арқауын Абайдың рухани мұрасымен байланыстыра отырып, Абай тағылымын оның “Кемел адам” концепциясының ұлттық құндылықтардың арқауы етіп, соның негізінде оқу - тәрбие үдерісін жаңа сапалық деңгейге көтеру. Студенттердің рухани санасын, патриоттық сезімін арттырып, Хакім Абайдың даналығынан алынған «ҚазИТУ студенттерінің ниет түрткісі» арқылы ізгілікті жолға бастау. Университетіміздің белсенді студенттері, «Алтын белгі» иегерлері Қабдоллаева Толғанай, Есеркенова Сабина, Мұсақызы Жания, Уразбаева Меруерт «ҚазИТУ студенттерінің 7 ниет түрткісінің» әр бөліміне кеңірек тоқталып, конференция қонақтары мен студенттерді таныстырды. Абайдың қара сөздерін арқау етіп, ниет-түрткінің басты бағыты етіп алынған тәрбиесі мен тағылым мол жобаның жастардың рухани санасының дамып, тұлға болып қалыптасып, қоғамға пайдасын тигізетін білімділікке, көрегенділікке шақырып, ізгілікті жолға бастары сөзсіз. Ол ниет түрткінің әр бөлімінен көрініс тапқан.

Конференция «Жастар секциясымен» жалғасын тапты. Секциялық мәжіліске Республика бойынша ЖОО орындарынан келген 60-қа жуық студент өз баяндамалары мен жобаларын қорғады. Мәжілісте студенттер мазмұнды тақырыптар ұсынып, сұрақтар қою арқылы талқылады.Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде өткен«Рухани жаңғыру: ұлттық құндылықтардың жалпы адамзаттық құндылықтарға бастауы» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға белсенді қатысып, мазмұнды баяндама жасағаны үшін Бірлесбек Саягүл, Оран Мухамед,Әбу Әл-фараби, Байтілес Гүлсезім, Абдыкулова Ақгүл, Раисова Асем, Сәкен Ұлан әр түрлі дәрежедегі мақтау қағаздарымен марапатталып, барлық қатысушы студенттер сертификат игерлері атанды.