Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңындағы тағылымы мол кездесу
30 қаңтар 2020                  318797
Абай Құнанбайұлының мерейтойы қарсаңындағы тағылымы мол кездесу

29 қаңтар 2020 жыл оқу ордамыздың әлеуметтік-гуманитарлық пәндер кафедрасының ұйымдастыруымен Хакім Абайдың даналығын арқау еткен керемет кездесу өтті. Өлең-жыр мен шығармашылыққа толы кездесудің басты кейіпкері Қазақстан Жазушылар Одағының және Қазақстан Журналисттер одағының мүшесі, Қазақ журналистикасының қайраткері, «М.Шолохов» медалінің иегері, ақын, Республикалық «Алматы ақшамы» газетінің әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сәрсенбек Бекмұратұлы.

Кездесуді ҚазИТУ ректоры Г.А.Сарсенбекова кіріспе сөзімен ашып, Абай тағылымының жастарға берер үлгі-өнегесінің маңыздылығын атап өтті.

1-курс студенті Талғатқызы Мадина кездесу қонағы Сәрсенбек Бекмұратұлының өмірбаяны, қызмет жолы, шығармашылығы жайында ақпарт беріп, студенттерге жақын таныстыра білді.

Сәрсенбек Бекболатұлы Сұлу Сырдың төрінде дүниеге келген. Жас кезіннен шығармашылыққа жақын болып, Қазақ мемлекеттік университетінің Журналистика факультетін бітіріп, әр түрлі газеттерде жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі бас редактордың орынбасары сияқты қызметтерді атқарды. Республикалық Қазақ радиосында комментатор, бөлім меңгерушісі, «Шалқар» ұлттық бағдарламасында редакция меңгерушісі болды. Бүгінде Оңтүстік астананың «Алматы ақшамы» газетінде қалам тербеп жүрген қарымды журналист.

Бұқаралық ақпарат құралдарында ұзақ жылдар қызмет атқара жүріп, өлең жазуды да жанына серік еткен ақынның бірнеше авторлық кітаптары жарық көрген. Сол өлеңдерінің бірі «Қазыналы кең өлкем» өлеңін 1-курс студенті Мейірбек Жанерке кездесу барысында оқып берді.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы қарсаңында қазақ журналистикасында өзіндік орыны қалыптасқан тұлғамен кездесу жоғары деңгейде өтті. Оны студенттердің бірінен соң бірі әр түрлі сұрақтарын қойып, әсерлі сыр-сұхбат жүргізгенінен байқауға болады.

Сәрсенбек Бекболатұлы өз сөзінде Дана Абай қазақты адастырмайтын сан ғасырлық жарық жұлдыз боларлық ойларын өлеңмен де, қара сөзбен де жеткізіп кеткендігін, Абайдың әрбір өлеңінің сөзінде философиялық ой жатқандығын атап, жас ұрпақты тәрбиелеу жолында Абай мұрасының маңыздылығын атап өтті. Жастарды оқу- білімге, имандылық пен тәрбиеге үндеген ақын ағамыздың әуезді әңгімесі жастарға жақсы әсер қалдырды.

Сәрсенбек Бекболатұлы өз шығармашылығынан керемет өлең жолдарын оқып, жастарға ерекше шабыт сыйлады.

ҚазИТУ студенттік баспасөз қызметінің жетекшісі Меруерт Батай, «Шешендік өнер» клубының жетекшісі Тұрсыналы Шырын, 1-курс студенттері Ердос Айдана, Алтынгерел Нұршаш, 2-курс студенттері Шыңғысбек Балымай, Жастар ұйымдары комитетінің төрағасы Абдуллаев Нұржан т.б студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.

Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы қарсаңындағы Қазақстан инженерлік-технологиялық университетіндегі тағылымы мол кездесу үшін Сәрсенбек Бекболатұлына ҚазИТУ студенттері атынан үлкен алғыс білдіреміз!