Халықаралық
инженерлік-техникалық университетінде Қысқы мектеп-2024 аясында «Инженерлік білім беру сапасын арттыру жағдайында оқытудың үлгілері мен
әдістері» атты оқу-әдістемелік конференция мәресіне жетті.
Шараға жоғары білім беру әдістемесі, білім беру қызметі
сапасын бұдан әрі жақсарту, жаңа IT-дисциплинасын
енгізу, бизнес процестерді цифрландыру мәселесі жөнінде айтары бар мамандардың
баяндамасы тыңдалды. Алғашқы сөзді алып, конференцияны ашқан Халықаралық
инженерлік-техникалық университетінің ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова: «Халықаралық
деңгейде өткен оқу-әдістемелік конференцияда инженерлік білім беру сапасын
арттыру бойынша оқытудың үлгілері мен әдістері талқыға салынды. Бұл тек
университеттің емес, отандық инженерлік саланың дамуына оң ықпал әкелуге
мүмкіндік беретін алаң. Бір аптаға жоспарланған шарада ғалымдар мен тәжірибелі
оқытушылар өз зерттеулері мен тәжірибесіне сүйене отырып, саладағы тың
жаңалықтарды көпшілікке хабардар етті. Әлбетте, мұндай басқосулар сапалы маман
дайындауға жол ашады деп сенемін», – деді.
Бұдан кейін өз тақырыбы бойынша сөз тізгінін алған қатысушылар инженерлік
білім беру бойынша біраз мағлұмат беріп, соңы пікірталасқа ұласты. Айталық, халықаралық
бағдарламаларды енгізу мәселесі бойынша баяндама жасаған экономика ғылымдарының
докторы, «Экономика және бизнес» кафедрасының профессоры Седеп Міржақыпова АССА
(Association of Chartered Certified Accountants) халықаралық ұйымы іспеттес
халықаралық сертификатын пайдалану арқылы оқу жүйесіне білімді бағалау бойынша
халықаралық әдісті енгізуді қолға алынғанын және осы ынтымақтастықты одан әрі
арттыру үшін мойындалған халықаралық бағдарламаны тәжірибеге кіріктіру жөнінде
ой бөлісті. «Осы тұрғыда әлемнің озық оқу орындарымен қарым-қатынас орнатудың
арқасында тәжірибе алмасу жағын дамытуды қолға алған жөн», – десе, Халықаралық
инженерлік-техникалық университеті ректорының академиялық мәселелер және
өндірістік тәжірибе жөніндегі орынбасары Дархан Берікұлы оқу бағдарламасының
бәсекеге қабілеттілігі мен инженерлік білім берудің сапасын арттыру және
тиімділігі жөнінде кең мәлімет беріп, бұл бағдар бойынша алдағы уақытта
атқарылатын жұмыстарды тілге тиек етті. Сол сияқты жасанды интеллекті,
«шығармашылық жоба» пәнін енгізу, блокчейн технологиясының инновациялық
мүмкіндігі, білім сапасын сандық технология көмегімен көтеру жайы да сөз болды.
Нәтижесінде инженерлік-техникалық мамандарды даярлау бағытындағы соны
жаңалықтар сараланып, арнайы қаулы қабылданды.
Мәселен, бұдан былай жұмыс берушілерді оқу процесіне тарту арқылы дәріс оқу,
тәжірибелік-зертханалық жұмыс жүргізу, диплом және магистрлік диссертация
жұмысына жетекшілік ету, сондай-ақ қорытынды аттестация жөніндегі комиссия
құрамына енгізу үрдісі қарастырылатын болды. Яғни, бизнес өкілдері және жұмыс берушілермен «Блогчейн
технологиялары», «Цифрлық валюта» пәндері бойынша оқу жоспарын келісіп, осы оқу
бағдарламаларын іске асыруға блогчейн технологияларымен жұмыс істей алатын
тәжірибесі бар қызметкерлерді тарту көзделді. Мұнымен қоса ХИТУ жаңа оқу жылынан бастап АССА (Association of Chartered Certified Accountants)
халықаралық ұйымы іспеттес халықаралық сертификатын пайдалану арқылы оқу жүйесіне білімді бағалау бойынша халықаралық әдісті енгізуді қолға алмақшы.
Ең бастысы, студент пен жұмыс беруші арасында тығыз байланыс орнату үшін
офлайн, онлайн дәріс оқу форматы мен кәсіпорындарда тәжірибе алмасу жұмысын
ұйымдастыру да назардан тыс қалмайды. Оқу орны Ғылым және жоғары білім
министрлігінің білім беру бағдарламасы жүйесіне 2024-2025 оқу жылына
қабылданатын студенттер үшін жаңартылған білім беру бағдарламасына «Жасанды
интеллект» пәнін енгізуді жоспарлап отыр. Бұдан бөлек шет тілін оқыту үдерісінде лингвистикалық коучинг тәсілін
зерделеу және қолдану, жаңа оқу жылында «Шығармашылық жоба» пәнін оқыту моделін
таңдау ретінде пайдалану, кафедралар осы пәнді оқу процесіне енгізу үшін
өздерінің ұқсас үлгілерін әзірлеу тапсырылды.
Сапалы білім – жарқын болашақ кепілі. Бұл тұрғыда Халықаралық инженерлік-техникалық университет оқытушылары
тәжірибесін ескере отырып, жаппай ашық онлайн курстардың тізімін әзірлеп, сапалы білім беру мазмұнын құру үшін қажетті
бағдарламалық және техникалық құралдармен толыққанды жабдықтаулы күн тәртібіне
қойған. Әрине, бұл ғылыми зерттеулердің нәтижелерін университеттің оқу
процесіне белсенді түрде енгізуге, бизнес-процестерді цифрландыру арқылы жазғы
сынақ сессиясын жаңа форматта өткізуге септігін тигізбек. Ал жоғары білім мен
ғылым саласын ұштастырып, шәкірттерге терең әрі сапалы білім беруді мақсат
еткен көшбасшы оқу орны инженер маманын дайындау ісіне жаңаша леппен кірісуге
жұмылмақшы.