Главная Новости ҚазИТУ ректоры түлектермен кездесу өткізді
30 декабря 2021                  318910
ҚазИТУ ректоры түлектермен кездесу өткізді

Мемлекет басшысы атап өткендей, «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Сен оқыған, өміріңнің ең қызықты студенттік кезеңін бастан кешкен, өмірлік ісіңнің іргетасы болып табылатын біліміңді алған туған университетіңе деген ерекше қарым-қатынас – бұл да жалпыұлттық патриотизмнің маңызды қыры», – дей келе , жастарды білім нәрімен сусындаған  оқу ордаларын  әр кез құрметтеп, қастерлеуге шақырады.

Осы орайда 28 желтоқсан күні Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінің ректоры  Г.Ә.Сәрсенбекова , бірнеше жылдар бұрын  университет қабырғасын  тәмамдаған түлектермен кездесу өткізді. Бұл жолғы бас қосудың  жөні бір бөлек. Себебі бүгінде  білім, ғылым және бала тәрбиесімен қатар, үй шаруасын бірге алып жүрген,  университет түлектерінің қатысуымен өткен керемет кездесу болды. Туған университетке сағынышын арқалай келген түлектер студенттік шақтағы әртүрлі  қызықты оқиғаларын ортаға салып, ағынан жарылды.

 

Кездесу барысында Г.Ә.Сәрсенбекова университет өміріндегі тың жаңалықтармен бөлісіп, әр саладағы жеткен жетістіктер туралы баяндады. Керемет көңіл-күй мен әсерлі әңгіме аясында, университет басшысы биылғы ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы, ҚазИТУ-дың 20 жылдық мерейтойымен қоса, келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен түлектерді құттықтап, қаржылай сыйлықпен марапаттады. Түлектер қауымы ҚазИТУ-дың қанаты талмай, тек биік шыңдарды бағындырып, әлемнің алпауыт жоғарғы оқу орындарының қатрында жүрсін деп, ақ тілектерін арнады.