Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры А.Байтұрсынов – ұлттың ұлы ұстазы
4 қазан 2022                  319002
А.Байтұрсынов – ұлттың ұлы ұстазы

         Өткен жұма 30 қыркүйек күні,  Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті, «Әлеуметтік-гуманитарлық және әлем тілдері» кафедрасы ұйымдастырған «А.Байтұрсынов – ұлттың ұлы ұстазы» атты ғылыми-әдеби музыкалы кеш болып өтті. Бұл кешке ҚР ҰҒА философия институтынан философия ғылымдарының кандидаты Б.М.Сатершинов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы О.С.Жұбаева, Алматы энергетика және байланыс университетінен педагогика ғылымдарының магистрі Ғ.И.Әбдиева арнайы шақырылды.

       Келген ғалымдар бірінен кейін бірі сөз алып, ұлт ұстазы А.Байтұрсынов туралы, оның қазақ халқына сіңірген еңбектерін сөз етісті. Әсіресе, О.С.Жұбаева «Кескесті кезеңде келелі істер тындырған кемел» атты баяндамасында А.Байтұрсыновтың термин мәселесінде зор еңбегі барын айтып, Ахаңның етістік категорияларына қатысты берген түрлеріне талдау жасауы көпшілік көңілінен шықты. Ғалым Б.М.Сатершинов Байтұрсынұлының қоғам қайраткері ретінде еңбегі жайлы сөз қозғаса, магистр Ғ.И.Әбдиева Ахметтің ұстаздық қызметі, қазақ балаларының көзін ашып, оның сабақ беру әдістемесі жөнінде айтқан пікірлеріне тоқталды.

        Одан әрі қарай 1-курс студенті «Ахмет Байтұрсынов білім-ағарту министрі болған ба?» атты анимациялық фильмі көрсетілді. Мұнда студенттің өзіндік ізденістері, салиқалы көзқарасы, қоғамдық пікірі айқын сезілді. Фильм студенттерге және оқытушыларға, қонақтарға қатты ұнады. Оның арты мың бұралған «Қазағым-ай» биімен жалғасты. «Биотехнология» мамандығы, 1-курс студенті Исламбекова Айшолпан әдемі қимылымен, айшықты биімен көпшілікті бір серпілтіп тастады.

        Кезек «А.Байтұрсынов – ұлттың ұлы ұстазы» атты презентацияға берілді. А.Байтұрсыновтың сегіз қырлы, бір сырлы адам екендігін сипаттайтын бұл презентацияны 1-курс студенттері Исамухамедова Дилшада, Беспаева Алуа таныстырды. Студенттер мен көрермендер А.Байтұрсыновтың ағартушы-ұстаз, тілші-ғалым, әдебиеттанушы, журналист, реформатор, аудармашы, өз халқын сүйген патриот екендігін тағы да танып білді. Осыдан кейін 1-курс студенттері, өзге ұлт өкілдері Мартынова Александра, Лерх София, Понамарева Ангелина, Исмаилова Сима А.Байтұрсынов туралы айтқан ұлы адамдардың пікірін қазақша айтып шықты. Көрермен қауым бұл студенттердің Ахмет жайында қазақ тілінде сөйлегеніне дән риза болды.

        Сондай-ақ «Бағдарламалық инженерия» мамандығында оқитын 1-курс студенті Аяулым Айтмұханның оқыған «А.Байтұрсыновқа арнауы» атты өз шығармасы тыңдармандарды елең еткізді. Әдемі де әуезді мақаммен оқыған А.Айтмұхан болашағынан көп үміт күттіретін студент ретінде танылды. Осы арнаудан кейін Ербол Нариманов А.Байтұрсыновтың «Файзолла досым» атты өлеңін нақышына келтіре оқыды.

        Кешті 1-курс студенттері Балқыбай Жасұлан және Гүлсанат Арын жүргізіп отырды. Кеш өте мәнді де мағыналы болды. Кешке келген қонақтар, ұстаздар мен студенттер А.Байтұрсынов жайлы айтылған ой-пікірлерден зор тағылым алды.

        Кештің  өткізілуіне философия ғылымдарының докторы Ғ.К.Котошева, филология ғылымдарының кандидаты Г.Б.Цыранжапова, филология ғылымдарының кандидаты Ж.С.Көпбаевалар атсалысты, қосқан үлестері зор болды. Осы кештің ұйымдастырылуына мұрындық болған кафедра меңгерушісі Ж.А.Тукебаеваның да еңбегі ерекше деп айтуға болады.