Өскелең ұрпақтың саналы тұлға ретінде қалыптасып, дамуының өзі тікелей еңбек етуге үйренуімен байланысты. Жақында Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев «QAZAQSTAN» ұлттық телеарнасына берген сұхбатында "Біз қоғамда еңбекқорлық идеясын орнықтыруымыз керек. Турасын айтайық, бұл қазір ең өзекті мәселе болып тұр. Азаматтарымыз адал еңбекпен табыс табуды ең басты орынға қоюы қажет. Бақуатты ел болу биліктің жұмысына ғана емес, ол, ең алдымен, әрбір азаматтың еңбегіне байланысты" деп атады.
Осы тұста, Қазақстан инженерлік-технологиялық университеті студенттерді еңбекке баулып, біліктілігі мен білімділігін арттыра отырып, сапалы маман даярлау мақсатында "SANDYQ" мейрамханасының бас аспазы Сқақ Манас Манақбатырұлымен кездесу өткізді. Манас Сқақ ұлттық асханамызды жаңғыртып жүрген аспаздардың бірі.
Айта кетсек, "SANDYQ" мейрамханасы Қазақстанда гастрономиялық туризмды дамыту мақсатында ашылған алғашқы мейрамхана.Негізгі миссиясы қазақ халқының ұлттық ас мәзірінде сирек даярланып, ұмыт қалған тағам мәдениетін қазіргі заман талабына сай жандандыру. Кездесу барысында Манас Сқақ студенттермен танысып, өз ісінің маманы болу үшін үздік білім алып, өз болашағын дұрыс жоспарлау қажеттігін айтып, студенттерге бағыт-бағдар берді. Жиын сұрақ-жауап форматында өткен танымдық ойындармен жалғасып, қатысушыларға «Ми палау», «Жаубүйрек», «Бұқпа», «Мыжыма» сынды атауы ерекше түрлі тағамдар жайында бейнежазба ұсынылды.