Главная Новости ҚазИТУ студенттері әлемнің ТОП 50 университетінің оқу материалымен білім алатын болады
30 наурыз 2022                  319048
ҚазИТУ студенттері әлемнің ТОП 50 университетінің оқу материалымен білім алатын болады

Қазақстан Инженерлік-Технологиялық Университеті 2022 жылғы күзгі семестрден бастап студенттерді әлемнің жетекші университеттерінің оқу материалдарымен оқытатын болады. Аталмыш университеттердің ішіне Pennsylvania University, University of Virginia, The University of Illinois at Urbana Champaign, The State University of New York, ESSEC Business School, University of Michigan және т.б. беделді білім ордалары кіреді. Оқуды сәтті аяқтаған студент өзі бітірген шетелдік оқу орнының ресми сертификатын алатын болады. Ол үшін ағылшын тілін білу міндетті емес - оқу үрдісі толықтай қазақ және орыс тілінде өтеді.

 

Жаңа пәндер IT, Маркетинг, Қаржы, Туризм, Есеп және Аудит мамандықтары бойынша оқытылатын болады. Мұндағы басты мақсат – шетелдік жетекші тәжірибені студенттерге үйрету. Яғни, курстар тек теорияға емес, практикаға көп көңіл бөледі. Өз саласында маман болуға керекті құралдарды студент қысқа уақыттың ішінде үйреніп шығатын болады. Мысалы, қаржы студенттері Hardvard University–дің кейстарын шешетін болады. Олар Microsoft Excel–ді қолданып қаржылық модельдер құрайды, қазақстандық және шетелдік компаниялардың қаржылық есептеріне түрлі анализ жасайды. Ал маркетинг студенттері Lean Startup қағидасы бойынша компания құрып, оның маркетингтік стратегиясын жасап, түрлі фреймворктарды қолданып анализдер өткізіп, Google Ads, Facebook Ads-та жарнама құрастырып, Tilda Publishing платформасында сайт жасап, оның UX/UI заңдары бойынша дизайнын жасайтын болады. Осыған ұқсас қолданбалы инструменттер қалған барлық курстарда өтілетін болады. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін ҚазИТУ өзінің қызметкерлерін дайындықтан өткізді. Университет пен колледждің 50-ден астам әкімшілік-басқару қызметкерлері мен профессорлық-оқытушылық құрамы California Irvine университетінің “Foundations of Management” курсын аяқтап, шетелдік оқу орнының сертификаттарын алды. Аталмыш курс аясында олар бәсекеге қабілеттілікті арттыру, адами ресурстарды басқару, стратегиялық шешімдер қабылдау, әлеуметтік жауапкершілік пен этика, қызметкерлерді ынталандырудың тиімді әдістерімен танысты. ҚазИТУ бұл жобаны Dreamskills Академиясымен бірігіп жасауда. Dreamskills 2017 жылдан бері студенттердің білімін арттырумен айналысады. Қазіргі таңда шетелдік университеттің білімі мен сертификатын алған студенттердің саны 1500-ден асты. Dreamskills командасы АҚШ, Ұлыбритания, Австралия, Германия елдерінде «Болашақ» бағдарламасымен бітіріп келген жас азаматтардан тұрады. Бұл бастама Қазақстан Республикасының білім беруді және ғылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес жасалды. Ол бағдарламаларының мазмұны педагогикалық қызметтің барлық түрлерін іске асыру үшін педагогке қажетті пәндік, психологиялық-педагогикалық, әлеуметтік және басқа да құзыреттердің оңтайлы ара-қатынасын қамтиды.