Кітапхана – адамды өзіне баурайтын киелі орын. Еңсеңіз түсіп, көңіл күйіңіз болмай, мазаңыз қашып жүрсе кітапханаға барып, кез келген кітапты қолыңызға алыңызшы, бірден жан дүниеңіз тазарып, тап-таза мөлдір бұлақтан су ішкендей жарқырап шығасыз. Мұны ғалымдар да жоққа шығармайды. Мамандардың зерттеуінше, кітап оқу күйзелістен арылтатын бірден-бір ұтымды тәсіл. 1-2 бетті оқығанда немесе 5-6 минуттың өзінде адамның қан қысымына, жүрек соғысына оң әсер етіп, бұлшық еті босаңсып, тамыр соғысы бәсеңсіп күйзеліс деңгейін азайтатын көрінеді. Дәлірек айтқанда, зерттеу нәтижесі кітап оқу – 68%, музыка тыңдау – 61%, бір кесе шәй немесе кофе – 54%, жаяу серуен – 42% күйзеліс деңгейін төмендететінін көрсеткен.
ҚазИТУ кітапханасы – дизайны ерекше, креативті мекен. Көз тартар әдемілік, жинақылық бірден баурап алады. Сала-сала бойынша рет-ретімен қаз-қатар тізілген кітап алыстан-ақ мен мұндалап тұрады. Кең де әсем оқу залы, электронды оқу залы, мәжіліс залы, тіпті магистрантқа арналған жеке зал, сирек кітап қоры бар. Барлығы қажетті құрал-жабдықпен, заманауи компьютермен қамтылған. Кітапханадағы жалпы кітап қоры 335 мыңнан асады. Оның ішінде 143 мыңға жуығы қазақ тіліндегі кітап, ал 600 мыңнан астамы қосымша әдебиет.
«Қазақ жеміс шаруашылығы және жүзім шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты», «Қазақ қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібі ғылыми-зерттеу институты» және т.б. мекемелермен келісімшарт жасалып, Ғылыми кітапхана қоры сирек кездесетін кітаптармен толықтырылған. Бұл өз кезегінде ғылыми зерттеулермен айналысатын магистрант-докторант секілді жас маман үшін таптырмайтын мүмкіндік. Оқырман жылдамдығы жоғары интернет арқылы республикалық жоғары оқу орындары аралық электронды кітапхананы (РЖЭК), Springerlink.com, Clarivate Analitics, Халықаралық баспа компаниялары Springer, Web of Science, Scopus басылымдарының дерекқорын кез келген уақытта пайдалана алады. Кітапхана заман талабына сай «КАБИС.Full» автоматтандырылған қазақстандық бағдарламасы арқылы қызмет көрсетеді. Қызмет түрлері автоматтандырылып, ақпаратты жедел іздеу және оған тапсырыс беру жеңілдетілген. «Егемен Қазақстан», «Қазақ әдебиеті» және т.б. қазақстандық және ресейлік мерзімді басылымдар, отандық және шетелдік ғылыми басылымдар, әсіресе ҚазИТУ-дың тыныс-тіршілігінен хабардар ететін профилді журнал көзге оттай басылады.
Кітапхана мен кітапханашы бір-бірінен ажырамайтын егіз ұғым. Өмірінің жарты ғұмырын кітапханаға арнаған үздік кітапханашы, ҚазИТУ ғылыми кітапханасының меңгерушісі Зағи Махамбетова студент-жастардың екінші анасына айналған. Қолы қалт еткенде өзі сценарий жазып, игі жақсылармен кездесу өткізіп, ізгі іс-шаралардың ұйтқысы болып жүр. Әр кездесуінің кейіпкері туралы айтқанда жанарынан от ұшқындап, жылылық леп еседі. Мәселен, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы, ғұлама ғалым, ұлы жазушы Мұхтар Әуезов, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев және т.б. қазақтың ұлы тұлғаларының туған күні атаусыз қалған емес. Беріден алсақ қоғам қайраткері, «Тіл жанашыры» белгісінің иегері Асылы Осман, жазушы, ғалым, әуезовтанушы Нұрдәулет Ақыш секілді жастарға айтары бар танымал тұлғалармен кездесу өткізу дәстүрге айналған. Қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған дөңгелек үстел, конференция, ашық есік күндері, пікірталас, өзара тәжірибе алмасу, талқылау жиі өткізіледі.