24 мамырда Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінде MGB және MBA-MSC еуроазиялық бағдарламалар директоры, Глазго университетінің (Ұлыбритания) білім беру және оқытушылық қызмет бөлімінің бастығы, Адам Смит бизнес мектебінің докторы Рамона Бланес, "Өзгерістерді басқару (Change Management)"тақырыбында университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, құрылым басшылары, кафедра меңгерушілері мен білім алушылар алдында арнайы дәріс оқыды.
Шетелдік ғалыммен кездесуді Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова ашып, «Біздің университет әрдайым жоғары білімнің үздік тәжірибелерін зерделеп, әлемнің үздік ғалымдарының зерттеулерімен танысып, олармен өзара іс-қимыл жасауды басты назарға алады. Бұл университет пен ондағы білім беру бағдарламаларының жаһандық бәсеклестікке қаншалықты дайын болатынын, әлемдік еңбек нарығында қаншалықты сұранысқа ие болатынын көрсетеді. Сол себепті әрдайым шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыс орнатып, өзара тәжірибе алмасу аса маңызды» - деді ректор. Сонымен қатар университет басшысы Халықаралық инженерлік-технологиялық университеті АҚШ, Ұлыбритания, Түркия, Орта Азия елдерімен тығыз ынтымақтастық байланыста екенін, шетелдік ғалымның бүгінгі сапары сол қарым-қатынасты одан әрі нығайта түсетінін жеткізді.
Айта кетсек, Ұлыбританиялық профессор Рамона Бланес қаржы қызметтері мен басқарушылық консалтингтік ұйымдарында 20 жылдан астам басшылық лауазымында қызмет атқарған. Азия, Еуропа, Латын Америкасы, Солтүстік Америка мен Таяу Шығыс елдерінің белгілі ғалымдарымен бірлескен ғылыми зерттеу жұмыстарын өткізген. Профессор «Исламдық банк қызметі және қаржы» мамандығы бойынша іскерлік әкімшілендіру магистрі дәрежесіне ие. Ол докторлық диссертациясында «Интеллектуалдық көлік жүйелерінің объективі арқылы қоғамдық құндылық пен мемлекеттік секторды реформалау» тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізген. Сонымен қатар Citigroup жаһандық сапа сыйлығы – 2002, Citibank жаһандық қатынастар сыйлығы (Merrill Lynch) - 1998 , Citibank жаһандық қатынастар сыйлығы (Nomura) -1997, марапаттарының иегері.
Университетке сапары барысында профессор Рамона Бланес, "Өзгерістерді басқару (Change Management)"тақырыбында дәріс оқып, білім мен ғылымды дамытудағы мемлекеттер арасындағы бірқатар ортақ мәселелерді шешудегі өз тәжірибесімен бөлісті.
Кездесу соңында университет ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова екі тарап арасында білім беру кеңістігін кеңейтуге қосқан зор үлесі үшін профессорға университет атынан сыйлық табыстады. Ғалым өз кезегінде алдағы уақытта да халықаралық деңгейдегі тәжірибе алмасу жалғасын табатынына сенім білдірді.