29 желтоқсанда МИТУ ректоры Сарсенбекова Гүлнәр Әлібекқызының төрағалығымен қорытынды Ғылыми кеңес өтті.
Ғылыми кеңес университеттің дамуына үлес қосқан үздік қызметкерлер мен студенттерді құттықтап, оларға ректор атынан алғыс хаттар мен марапаттар табыстауымен басталды.
Дәстүр бойынша, ол бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарды қортындылауға арналды.
2023 жылы университетте көптеген бағдарламалар мен жобалар іске асырылды: PhD докторантураның 3 бағдарламасы және магистратура 2 бағдарлама бойынша білім беру ісіне лицензия алынды, оқу процесіне Coursera халықаралық платформасынан курстар енгізілді, академик Ө.А. Жолдасбеков атындағы Механика және машинатану институтымен бірге "Робототехника және бағдарламалық инженерия" ғылыми – зерттеу және білім беру орталығы ашылды, халықаралық деңгейде Ресей, Түркия, Қырғызстан жетекші ғалымдары мен өндірістік сектор өкілдерінің қатысуымен "Ғылым мен білім берудің интеграциясы, технологиялар трансферті – мамандарды даярлау сапасын қамтамасыз етудің негізгі факторы" атты дөңгелек үстел, жұмыс беруші-кәсіпорындарының, Ресей мен Қырғызстанның жоғары оқу орындарының басшыларының қатысуымен "Білім беру бағдарламаларын жобалау және іске асыру сапасының индикаторы ретінде жұмыс берушінің кәсіби даярлықтағы рөлін арттыру" тақырыбындағы халықаралық форум мен шетелдік ғалымдардың қатысуымен бірнеше халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар өткізілді.
2023-2024 оқу жылының 1 жарты жылдығындағы эдвайзерлердің жұмысы туралы жастар саясаты департаменті директоры А.Е.Сабыржанова, қаржы-шаруашылық қызметінің 2023 жыл бойынша есебіне бас бухгалтер Р.Т.Келдібаева баяндама жасады.
Университеттің стратегиялық даму, ғылым және халықаралық байланыстар жөніндегі проректор О.Л. Каруна 2023 жылғы ғылыми-зерттеу және инновациялық қызметінің қорытындысы бойынша толық баяндап өтті.
Ғылыми кеңестің төрайымы Г.А.Сарсенбекова университеттің 2023 жылғы қызметін қорытындылап, алдағы жылы Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің 2023-2029 жылдарға арналған даму бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспары шеңберінде жұмыс істейтін алдағы мақсаттар мен міндеттерді белгіледі.