Главная Кафедры Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері Новости кафедры «Студент жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу» атты тақырыпта кездесу ісшарасы
26 Сәуір 2024                  254
«Студент жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу» атты тақырыпта кездесу ісшарасы

26 сәуірде Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің «Әлеуметтік-гуманитарлық пәндер және әлем тілдері» және «Тағам өндірісі техникасы мен технологиясы» кафедраларының ұйымдастырумен «Студент жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеу» атты тақырыпта кездесу ісшарасы өтті. Ісшара қонақтары Мухамеджан Тынышпаев атындағы Логистика және көлік академиясының жанынан құрылған Әскери іс институтының бастығы Ауғаныстандағы ұрыс қимылдарына қатысушы-ардагер, педагогика ғылымдарының магистрі, запастағы полковник Ерназар Хамидуллаұлы Ишанов, ҚР Ирактағы алғашқы бітімгершілік жасағының командирі, II-ші дәрежелі «Айбын»  орденінің иегері, педагогика ғылымдарының кандидаты, запастағы полковник Қайрат Боранбайұлы Смағұлов және РhD доктор ҚР қарулы күштерінің ардагері, запастағы подполковник Болат Калхайұлы Қудабаев.

Кездесу шарасының ашылу салтанатында кафедра меңгерушісі Ж.Е. Жаппасов қонақтарды таныстырып, жастарды патриоттық тұрғыда тәрбиелеудің маңызына тоқталып кетті.

Шара барысында қонақтар студент жастарға Қазақстан Республикасының қарулы күштерінің құрылу тарихы мен қазіргі кезеңдегі дамуына байланысты, Ауғанстандағы ұрыс қимылдарына қатысушылардың отан алдындағы атқарған міндеттері туралы қызықты фактілермен әңгімелеп берді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының Ирактағы алғашқы бітімгершілік жасағының атқарған ісшараларын, жергілікті халыққа көрсетілген көмектері мен ұрыс алаңдарын жарылғыш заттардан залалсыздандыру жұмыстары туралы дайындаған слайдтар негізінде әңгімеледі. Университеттің білім алушыларына шара қонақтары Ұлы Отан соғысы, Ауған соғысы кезеңдерінен алынған деректі фильмдердің үзінділері негізінде жасалған ролик көрсетті. Кездесу барысында студенттер қонақтарға тақырыпқа байланысты сұрақтар қойып, алған жауаптарына ризалығын білдірді. Сонымен қатар, университеттің талантты білім алушылары өздерінің арнайы патриоттық тақырыптағы шығарған өлеңдерін оқып, осы тақырыпта ән орындап, күй тартты. Қонақтар университет білім алушыларының  өнеріне ризашылықтарын білдірді.

Кездесу соңында университетіміздің көп жылдардан бері студент жастарды білім мен ғылымға баулып және отансүйгіштікке тәрбиелеп жүрген   оқытушылар С.Д. Шаймуханова, А.Б. Нуртазаева, Б.Д. Зоржанов, Ж.А. Каренеева  және Ж.Қ. Тоқанова   Қазақстан Республикасы «Генералдар кеңесінің» шешімі бойынша «Генерал-лейтенант Малик Сапаровтың 65 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды. Марапатталған оқытушылар «Генералдар кеңесіне», кездесуге келген қонақтарға өз ризашылықтарын білдірді.